Сенаторлар орыс тілі ұйымын құру туралы заңды бірде-бір сұрақ қоймай қабылдады

Аян Өрібай

Сенат халықаралық орыс тілі ұйымын құру шартын ратификациялау туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

СҰРАҚ ЖОҚ

Заң жобасы жөнінде мінберге сенатор Андрей Лукин шығып баяндама жасады. Парламенттің жоғары палатасының төрағасы Мәулен Әшімбаев оның сөзінен кейін сенаторлардан “сұрақ бар ма” деп сұраған. Ешкім үндеген жоқ.

Заңды талқылау барысында Әлішер Сатыбалдиев Еуропадағы қолданысы ең көп орыс тілі ТМД шеңберінде де кең қолданылатынын, БҰҰ ресми тілдерінің бірі екенін өңірлік, халықаралық мәселелерді шешуде маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, ұйымға қатысушы елдер шешімді консенсуспен қабылдайды. Оның сөзінше, ұйымдағы әр ел “еркін пікір білдіріп” шешім қабылдауға құқылы.

Заңды сенаторлар қолдап дауыс берді.

МӘЖІЛІС МАҚҰЛДАҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫ

Мәжіліс орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру шартын ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдаған еді. Аталған келісімшартқа Бішкекте қол қойылған. Ол орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құруды қарастырады. Жаңа ұйым – халықаралық құқық субъектісіне ие болатын үкіметаралық ұйым болады. “Орыс тілін мемлекетаралық байланыс және коммуникация құралы ретінде ілгерілету қарастырылады. Комитет қорытынды әзірлеуге дайын” дейді Айгүл Құспан. 

Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, ұйымның мақсаты – орыс тілінің қолданысын дүние жүзінде ілгерілету. Заң жобасы төменгі палатада біршама талқыланды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи  Қазақстанда орыс тілінің тағдырына алаңдайтын негіз жоқ деп есептейтінін айтты. “Бұл халықаралық қордың құрылуы Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе” деген Бапи заң жобасын “Тоқаевтың дипломатиялық саясаты”  ретінде қолдайтынын айтады. “Теңселіп, тербеліп тұрған әлемде біз үшін басқа балама қадам жоқ деп түсіну керек" дейді ол.

Ал Айдос Сарым келісімнің мақсаты – ағылшын тілін асқақтататын Британ кеңесі, қытай тілін ілгерілетінін Конфуций институты, француз тілін ілгерілетінін Франкофония одағы сияқты жаңа халықаралық ұйым құру деп атады.

ҰЙЫМ ЖАЙЛЫ

Былтыр қазанда Қазақстан атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімге қол қойған. Содан кейін шыққан Үкімет қаулысы жобасында "орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру жөніндегі келісімді бекіту туралы" заң жобасы Парламент мәжілісі қарауына енгізілетіні хабарланған еді. 

2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құру идеясын ұсынған. Ресей президенті Владимир Путин Тоқаевтың идеясы "Ресей оны қолдамай тұра алмайды" деді. Тоқаев 2023 жылғы Бішкектегі ТМД жетекшілері саммитінде орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы келісімге қол қоюды "тарихи шешім" деп атаған болатын.