Трамп қызметінің алғашқы күнінде АҚШ армиясындағы трансгендерлерді жұмыстан шығармақ

Ғалиасқар Думан

АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп елдің қарулы күштерінен барлық 15 мың трансгендерді жұмыстан шығару туралы бұйрық шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Times басылымы Қорғаныс министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

 

© AP Photo / Evan Vucci

Басылымның мәліметінше, Трамп бұл бұйрықты президенттік мерзімінің алғашқы күнінде-ақ қол қоюы мүмкін. Бұйрық АҚШ армиясындағы трансгендерлердің барлығына дерлік қатысты болмақ, олар медициналық көрсеткіштер бойынша жұмыстан босатылуы керек.

"Бұл шешім америкалық қарулы күштердің көптеген түрлері қажетті қызметкерлерді жинауда қиындықтарға тап болып отырған уақытта қабылданады", – делінген мақалада.

Мақалада Трамптың бірінші президенттік мерзімінде трансгендерлердің АҚШ қарулы күштеріне қосылуына тыйым салатын ұқсас бұйрық шығарғаны еске салынды. Алайда ол бұйрықта қызмет етіп жатқан трансгендерлер қамтылмаған еді.

Бұған дейін New York Times газеті АҚШ-тағы иммигранттар Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскеннен кейін жаппай депортацияға дайындалып жатқанын хабарлаған болатын. Трамп бірнеше рет заңсыз мигранттарды жаппай депортациялау бағдарламасын жүзеге асыру ниеті бар екенін айтқан. Бұл бағдарлама төтенше жағдай режимін енгізуді және әскери ресурстарды қолдануды қарастырады.