Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ-мен бірлесе, Алматы облысы прокуратурасының үйлестіруімен Алматы, Қостанай және Жетісу облыстарының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 10 радикалды діни идеология жақтасының әрекетінің жолын кескені туралы хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
ҰҚК таратқан хабарламаға қарағанда, алдын ала мәліметке сәйкес, фигуранттардың бірі қамау жағдайында террорлық акт жасауға дайындалған, ал қалғандары терроризмді насихаттауға қатысып, террорлық әрекеттерді ұйымдастыру мақсатында адамдарды өз қатарларына тартумен айналысқан.
ТӘРКІЛЕНГЕН ЗАТТАР
Жаза өтеу орындарында жүргізілген тінтулер барысында суық қару, смартфондар және басқа да заттай дәлелдер алынды.
КҮДІКТІЛЕР
Біреуінің экстремизм үшін соттылығы бар. Қалғандары кісі өлтіру, тонау және ұрлық үшін жазаларын өтеген.
Сондай-ақ, Алматы қаласында пробациялық бақылауда тұрған олардың байланысы ұсталған.
ҰҚК көрсетілген адамдарға қатысты Қылмыстық кодекстің 255, 256 және 259-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Бұған дейін мемлекеттік күзет қызметі халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғаға байланысты елордада қауіпсіздік шаралары күшейтілетінін мәлімдеген.