Белгілі психолог жар таңдағанда ескерілуі қажет үш кеңесті айтты

Сырым Қаржас

Әлеуметтік желіде танымал психолог Ержан Мырзабаев жігіттерге жар таңдағанда керекті үш кеңесті айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Владимир Акуленкос

ПСИХОЛОГ НЕ ДЕЙДІ

Ержан Мырзабаевтің айтуынша, дұрыс жар таңдайтын кезде араласып мына нәрселерге назар аударсаңыз, өте пайдалы болады.

– Біріншіден, ол қыздың ата-анасымен қарым-қатынасы қандай? Яғни, үйдегі анасын қаншалықты сыйлайды? Әкесін қаншалықты сыйлайды? Отбасының мүшелері арасында байланыс бар ма? Екіншісі – эгоизм басым ба? «Тек мен» деп, тек өзін ойлайтын, өзіне назар аударатын адам ба? Яғни, сізге ешқандай эмоционалды заряд бермей, көңіл бөлмей, бүкіл назарды өзіне қажет ететін адам болса, онда ол қауіпті. Үшіншіден, әңгімелердің арасында ер азаматты тек материалдық дүниемен ғана өлшейтін болса, онда ол қызбен абай болу керек. Алдағы уақытта сізді тек материалды жетістіктеріңіз үшін ғана жақсы көреді. Осы үш нәрсеге назар аударсаңыз, болашақ жарыңызды әлдеқайда дұрыс таңдайтын боласыз, – дейді ол.

АЖЫРАСУ ЖАЙЛЫ

Petrelli Previtera мәліметіне сүйенсек, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұр: 1000 адамға шаққанда 4,6. Былтыр елімізде 16,8 мың жұп ажырасқан. Шайқалған шаңырақтың көбеюі салдарынан ортақ мүлікті бөлісе алмай, сотқа жүгінушілер қатары да артқан. Заңгерлердің айтуынша, жолы екіге айырылған ерлі-зайыптының бірі екіншісіне артық үлес кетті деп әбден әуре-сарсаңға түсіп, жүйке жұқартып, жылдар бойы сот табалдырығын тоздырмаудың жалғыз жолы –  неке шартын жасау. Ulysmedia.kz бұрынғы мақалаларында осы мәселеге үңіліп көрген еді.