"ВСАМ Продакшн" ЖШС өкілдері Күршім ауданына қарасты Маралды ауылында алтын өңдеу фабрикасының құрылысы аяқталғанын хабарлады, дер жазады Ulysmedia.kz.
"Қазіргі уақытта оның жұмысына қатысты барлық қажетті ресми рұқсаттар алынды. Осыған дейін жүргізілген тәжірибелік іске қосу кәсіпорын дайындығын көрсетті. Бүгіннен бастап толық көлемде жұмыс істей бастаймыз", – деді кәсіпорын директорының орынбасары Талғат Мақатаев.
Фабрика басшылығының өкілі компанияның барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жергілікті халық алдында уәде етілген әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындайтынын атап өтті. Оның ішінде түлектерді оқыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй, жол және әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу жұмыстары толық көлемде жүзеге асырылатыны айтылды.
Күршім аудандық мәслихатының депутаты Ляззат Құмарова негізінен балық шаруашылығымен айналысатын аудан тұрғындарына жаңа фабриканың ашылуы қосымша мүмкіндік екенін айтады. Оның сөзінше, балықшылар мұздың үстіне шығатындықтан, қайғылы жағдайлар жиі орын алады. Үнемі далада жүру денсаулықтарына да елеулі зиян, табыстары да тұрақты емес.
“Енді жаңа фабрикаға жұмысқа шықса, тұрақты табыс тауып, әлеуметтік көмектер алады, бұл жақсы мүмкіндік” дейді мәслихат депутаты.