Мектептегі онлайн платформаларда оқушының жеке дерегі қорғалатынына Мәдиев сене ме

Аян Өрібай

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев орта білім жүйесіндегі жалпыға ортақ ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігі жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

СҰРАҚ

Қазақстанның мектептеріндегі «Күнделік» жүйесі, «BilimClass»-қа қатысты шу шығып жататыны белгілі. Жалпы жеке компанияларға Қазақстанның қанша азаматтарының жеке деректерін беру қаншалықты дұрыс? Мүмкін мемлекеттің осы жүйелерді өз қолына алуы қауіпсіз болатын шығар? Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатынан соң Жасұлан Мәдиевке осы сұрақ қойылды.

МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ

Мәдиевтің сөзінше, тек мемлекеттік ақпараттық жүйелер болмауы керек.

– Нарықта осындай жекеменшікте ақпарат көп болса, бәсеке ұлғаяды. Ақпараттық қауіпсіздік сертификациясынан өтуі керек. Білімге қатысты платформалар немесе Турловтың платформасы – олар үлкен инвесторлар нарықта бар, – дейді ол.

Яғни, олар өз жүйелеріндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынына сіз сенесіз бе деген сұраққа Мәдиев олардың сертификаттаудан өткен басқа платформалары да барын айтады.

– Олардың сол нәтижелері жоғары деңгейде екенін біз көрдік. Жаңа платформаларды қазір талқылай алмаймын: Өйткені оларға әлі анализ жасаған жоқпын, – дейді ол.

Бұған дейін Ulysmedia.kz тілшісі Қазақстанның мектептері «Күнделік» жүйесінен бас тарта ма деген сұрақты Оқу-ағарту министрлігіне қойған еді. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Білім туралы" заңның 6-бабының 2-тармағы бойынша жергілікті атқарушы органдар бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарына (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағытында қолдау көрсетеді.