Қазақстандық футболшы ойын алаңында жан тапсырды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстан футбол федерациясы «Хан Тәңірі» клубының ойыншысы Диас Төлеудің қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстанның Бірінші лигасында өнер көрсететін «Хан Тәңірі» футбол клубының ойыншысы Диас Төлеу көз жұмды, деп мәлімдеді Қазақстан футбол федерациясы.

«Қазақстан футбол федерациясы атынан марқұмның туыстарына, жақындарына және командадағы серіктестеріне шын көңілден қайғыра көңіл айтамыз. Бұл – бүкіл қазақстандық футбол үшін орны толмас қаза. Федерацияның бас хатшысы Давид Лория мен кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының жетекшісі Бақытжан Пазылхаир оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін шұғыл түрде Алматыға аттанады», – делінген КФФ хабарламасында.

Жақын күндері оқиғаны ресми тергеу үшін құзырлы органдармен бірлесіп арнайы комиссия құрылатын болады. Федерация қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат беруге уәде етті.

Қайғылы жағдай 16 қазан кешкісін Бірінші лигадағы «Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» арасындағы матч кезінде орын алған. Видеоға қарағанда, Диас Төлеу кенеттен құлап, алаңнан зембілмен шығарылған.