Биыл Қазақстанда (Алматы, Астана, Ақтау), Германияда (Мюнхен, Нюрнберг, Дюссельдорф), Аустрияда (Зальцбург) және Түркияда (Стамбул, Салихлы) «QAZAQ» атты деректі фильм түсірілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТОП
Тәуелсіз демеушілердің қаражатына түсірілген деректі фильмнің режиссеры Қарлыға Хасен, продюсері Танакөз Толқынқызы.
БАСТЫ КЕЙІПКЕРІ
Деректі фильмнің басты кейіпкері – Мюнхендегі «Қазақ қоғамының» дамуына зор үлес қосқан, Еуропадағы қазақ қауымдастығының негізін қалаушы Сүлеймен Шадқам.
НЕ ЖАЙЛЫ ФИЛЬМ
Бұл деректі фильм – қазақ халқының басына түскен нәубет жылдары Маңғыстаудан Иранға ауып барған, сөйтіп Германияға табан тіреп, тұрақтаған қаракөз қандастардың тағдырын баяндайды. Олардың ұрпақтары – шетелде дүниеге келіп, тағдырдың сан алуан қиындықтарын көрсе де ұлттық болмысын, менталитетін, қазақы құндылықтары мен танымын, күрескерлік қасиетін жоғалтпаған ұлтжанды азаматтар.
ТУЫНДЫ ӨЗЕГІ – КҮРДЕЛІ ТАҒДЫР
Бұл – ұлттық болмысты сақтау жолындағы ізгілік пен мейірім, махаббат пен адалдық, берік ұстаным мен күрескерлік қасиет туралы фильм. Өзінің тарихи тамырынан ажырамастан адамзатқа үлкен қызмет қылған тарихи тұлғаның қызық та күрделі тағдыры – деректі фильмнің өзегі болды.
«Қазақ» деректі фильмінде Сүлеймен Шадқам жиынтық бейнесі арқылы Еуропада өмір сүретін көне қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, болмысы мен өмір сүру ғадеті баяндалады.
АТАЖҰРТТЫ АҢСАҒАН КЕЙУАНА
Сүлеймен Шадқамның анасы тоқсанға қараған шағында Қазақстанды бір көріп кетуге келген сапарында өзінің тарихи атамекенінде дүниеден озады. Бүкіл өмірін Қазақстаннан тысқары өткізуге мәжбүр болған кейуанаға туған жердің топырағы бұйырады.
НЕШЕ ТІЛГЕ АУДАРЫЛДЫ
Фильм әлемнің ең көп тараған неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылды.
ТҰСАУКЕСЕРІ
Фильмнің алғашқы тұсаукесер рәсімі 2024 жылдың 6-8 қараша айында ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Германияның Мюнхен қаласында және Францияның Париж қаласында өтті. Фильмнің Еуропадағы тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның Мюнхен қаласындағы бас консулы Денис Рогов, Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлованың кеңесшісі Нұржан Рахмет, ҚР халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, фильмнің режиссеры Қарлыға Хасен және продюсері Танакөз Толқынқызы және фильмнің басты кейіпкері Сүлеймен Шадқам қатысты.