Астана соты Бишімбаевтің анасын алдап 100 млн теңге алған әйелдің ісін қайта қарады

Сырым Қаржас

Сот алқасы 100 млн теңгені алдап алды деп айыпталған Людмила Грачеваға қатысты қылмыстық істі қайта қарады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Бірінші сатыдағы сот Грачеваны кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Сотталған адам үкімге шағым түсірген.

"Апелляциялық саты айыптау үкімімен келісті, өйткені іс бойынша бұзушылықтарға жол берілмеді, сот тергеуінің барлық кезеңдері заңның белгіленген нормаларына сәйкес орындалды", – деді соттың баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енді.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖАЙЛЫ

Өткен айда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасын алдаған әйелге үкім шыққанын хабарлаған еді. 

Сотталушының жас балаларының болуын сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныған. Жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстың және мүлікке қарсы қылмыстың ауырлығын, жасалған қылмыстың мән-жайын назарға ала отырып, сот алқабилердің қатысуымен осы баптар шегінде сотталушыға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау қажеттілігі туралы қорытындыға келген. Алқабилер сотының үкімімен Г кінәлі деп танылып, қылмыстар жиынтығы бойынша (ҚК-нің 58-бабы) 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске сала кетсек, 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр 24 жылға сотталды. 

Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылған. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.