Англияда шпион ретінде ұсталғандар Рысқалиевті аңдыған – Лондондағы прокурорлар

Аян Өрібай

Лондон орталық қылмыстық сотында (Олд-Бэйли) Ұлыбритания билігі "Ресейдің барлау агенттіктерінің тапсырысы бойынша тыңшылық жасады" деп айыпталған Болгария азаматтарының соты жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

ПРОКУРОРЛАРДЫҢ МӘЛІМЕТІ

Прокурорлар бұл адамдар Германиядағы америкалық әскери базаны аңдып, Ресей билігінің қарсыластарын, соның ішінде журналистер Кристо Грозев пен Роман Доброхотовтың ізіне түскен деп санайды. Сонымен бірге, прокурордың сөзінше, күдіктілер қазақстандық саясаткер Бергей Рысқалиевті қудалауға қатысты деп айыптайды. Бұл туралы толығырақ BBC-дің орыс қызметі жазды.

– Олардың қызметі Ұлыбританияға қашып, саяси баспана алған қазақстандық саясаткер Бергей Рысқалиевке қатысты болды. Айыптау мәліметтері бойынша, күдіктілер Ресейдің Қазақстанмен байланысын нығайту үшін оның билігінің қарсыласын қудалаудан пайда іздеген болуы мүмкін, – делінген материалда.

Сотта 33 жастағы Катрин Иванова, 30 жастағы Ваня Хаберова және 39 жастағы Тихомир Иванчев бар. Олар айыптаудың бәрін жоққа шығарады.

Күдіктілердің екеуі – 46 жастағы Орлин Русев пен 43 жастағы Бизер Жамбазов тыңшылық жасағанын мойындаған.

Прокурорлардың айтуынша, бұл топ Ресейдің арнайы қызметтерінің тапсырысы бойынша операцияларды 2020 жылдың тамызынан 2023 жылдың ақпанына дейін жүргізген. Сотта айыптаушы тарап күдіктілер ақпарат жинап, "жау еліне пайдалы болуы мүмкін" аңду жұмыстарын жүргізді деп мәлімдеді.

Топтасқандар Ұлыбританияда да, Еуропаның басқа елдерінде де жұмыс істеді, дейді прокурорлар.

Тергеу мәліметтері бойынша, оларды Австрия азаматы және Wirecard компаниясының бұрынғы операциялық директоры Ян Марсалек есімді адам басқарған. Янның өзі Германияда алаяқтық жасады деген айыппен іздестірілген.

2020 жылы Марсалек Еуропадан Минскіге қонған жеке ұшақпен қашып кеткен. Ресейлік барлау оған қашуға көмектесті деген ақпарат бар.

БАС ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕДІ

Бұған дейін Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев әлеуметтік желіге суреті тараған Бергей Рысқалиевті елге жеткізу әзірге мүмкін емес екенін айтқан еді. Журналистер Әсет Шындалиевтен “Қазақстанда сотталған Бергей Рысқалиев қалайша Лондонда емін-еркін жүр?” деп сұраған. Әсет Шындалиев расында да, Атырау облысының экс-әкіміне сырттай үкім шыққанын, алайда өкінішке қарай Ұлыбритания мен Қазақстан арасында оны экстрадациялау бойынша ешқандай келісім жоқтығын айтты. Оның алдында әлеуметтік желіге Бергей Рысқалиев пен Аслан Мусиннің Лондонда бірге түскен фотосы жарияланған еді. Суретті қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайынов таратқан.