Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы"(БЖБ) компаниясының жұмысшылары жұмысты тоқтатып ереуілге шыққанына 20 күн болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жұмысшылар Ulysmedia.kz редакциясына жолдаған видеода ереуіл жалғасып жатқанын, ешкім тарамағанын айтады.
Видеодан тізілген техника, топталған адамдар көрінеді.
“БАЙЛАРЫҢ СОТТАЛАДЫ”
Жұмысшы Мұратбай Жұмағалиев жергілікті құзырлы органдар ереуілшілерді райынан қайтару үшін отбасы мүшелерін қорқытуға кіріскенін жеткізді.
“Жаңаөзен қаласының құзырлы органдары, прокуратурасы халықтың жеке телефондарына соғып, үйлеріне барып, әйелдеріне телефон соғып, әркімнің әртүрлі стресстері бар.., әркім әртүрлі жағдайда… үркітіп, қорқытып, байларың жұмыстан шығады, байларың қуадаланады, сотталады деп, ондай өтірік әңгімелеріңді қойыңдар құзырлы органдар. Одан да жоғарыға шығып ҚазМұнайГазды шақырыңдар. Ұялмайсыңдар ма, әркімнің жекесіне шығып. Енді сендер ҚазМұнайгаз болып кеттіңдер ма, “беспредель” жасамаңдар. “Участковыйлар”, ұялыңдар, заң дегенді қойып, бұйрыққа бағынып жүрсіңдер бәрің” дейді жұмысшы Мұратбай Жұмағалиев.
Жұмағалиев құзырлы органдарды құйтырқылықты қойып, ҚазМұнайГазды келіссөзге шақыруға үндеді.
ЕРЕУІЛШІЛЕР ТАЛАБЫ
Жаңаөзендегі "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" компаниясының жұмысшылары 12 қарашадан бері ереуілдетіп тұр. Олар ҚазМұнайГазға бес талап қойып отыр.
Осыдан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Өзенмұнайгаздың» наразы жұмысшыларының талабын орындай алмайтынын айтып жауап берген болатын.
Ал ҚазМұнайГаз басшысы Асхат Хасенов Жаңаөзендегі жұмысшылардың алдына баруға құлықты емес.