Әулиеата мәдениетінің әлеуеті жоғары

Ғалиасқар Думан

Әулиеата – тарихы мың жылдықтар мен тоғысатын шежірелі аймақ. Мұнда мәдениеттің өркен жайған сан түрлі ғажайыптарын көруге болады.

ашық дереккөзден

Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың есімін иеленген өңірге биыл 85 жыл толып отыр. Өңірдің мәдениет саласында да мәнді жұмыстар жүзеге асып жатыр. Тіпті әріден сөз тарқатсақ, еліміз Тәуелсіздік алғалы бері Жамбыл облысында мәдениет саласы едәуір жетістіктерге жетті. Мәдениет ошақтары көптеп ашылып, қазіргі таңда 503 мекеме халыққа мәдени қызмет көрсетуде.

2019 жылдан бері облыста 33 нысан бой көтеріп, ел игілігіне  беріліпті. Атап айтсақ, Тараз қаласында орналасқан «Ерлік» мемориалдық кешенінде ҰОС ардагерлері және тыл еңбеккерлеріне арналған «Даңқ» залы ашылды. Сонымен қатар, облыстың 80 жылдығы қарсаңында өңіріміздің мәдени-рухани өмірінде үлкен маңызы зор нысандар пайдалануға беріліп, «Көне Тараз» тарихи – этномәдени кешені жаңа нысандармен толықтырылды.

Бұл кешенде  «Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Көркемсурет галереясы орналасты. Ұлы  Жібек жолының бойында орналасқан, екі мың жылдан астам тарихы бар киелі Әулиеата өңірі туристерді қызықтыратын, тарихи-мәдени нысандарға бай өлке.   «Шеберлер және туризм» орталығы ашылуы оған дәлел.

Ал, 2022 жылы Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойында Жуалы ауданы Талапты ауылындағы өзі тұрған үйі әдеби-мемориалды үй ретінде халық игілігіне берілді. Бүгінде аталған нысан жазушының шығармашылығымен терең танысып, таным көкжиегін кеңейтемін деген жандар үшін есігін айқара ашқан. Осында  түрлі әдеби кештер мен рухани басқосулар өтіп тұрады.  2024 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Жамбыл облыстық айтыскер ақындар және жыршы термешілер орталығы ашылды.

Соңғы бес жылдықта аудандарда 26 мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар салынды. Биылғы жылдың өзінде 5 нысан пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тағы 3-еуінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Осылайша 2027 жылға дейін Жамбыл облысы бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейі толық қамтылатын болады.

Жамбыл жері ақиық ақындар мен жауһар жыршылардың, күміс көмей әншілердің киелі ордасы саналады.  Қазіргі таңда 53 дәстүрлі әнші, 100-ге жуық ақын-жыршы, 25 күйші, 40-тан аса эстрада әншісі шығып, елге рухани-мәдени қызмет жасап келеді.

Дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күй шеруін Әбдімомын Желдібаев пен Аман Малдыбаев, жыршы-термеші Аяз Бетбаев пен композиторлар Алтынбек Қоразбаев, Илья Жақанов, Мұрат Құсайынов, Әбиірбек Тінәлі, Марат Ілиясов жалғастырып, олардың ізін - Бағдат Сәмединова, Сәуле Жанпейісова, Майра Нүркенова, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханов, Мейрамбек Беспаев, Гүлмира Ақүрпекова, Мұқасан Шахзадаев, Айбек Жансейітов (Бүркіт) Гаухар Қаспақова, Бейбіт Сейдуалиева, Әлішер Кәрімов, Мақсат Базарбаев, Айгүл Иманбаева, Ернар Айдар, Мөлдір Әуелбекова, Тахмина Әшімбековалар сынды өнер иелері жалғап  келеді.

Театр мен кино саласының саңлақтары атанғандар Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Дулыға Ақмолда, Азамат Сатыбалды , би өнеріне үлес қосқан Байдәулет Сазабеков, айтыстың ақтангері Мұхамеджан Тазабек, ақын Маралбай Ыбыраев ел ықыласына бөленуде.

Өңірде Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай «Жамбыл - менің жай атым, халық - менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы, Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым» Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы, Ықылас Дүкенұлы атындағы «Жез киік» қобызшылар конкурсы, «Көне Тараз күмбірі» Республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсы,  Алтынбек Қоразбаев атындағы халықаралық «Ән-жырым саған, туған ел!» ән конкурсы, шығармашылық жастардың «Жаңа есім» жобасы және «Театр – өмір айнасы» халық театрларының республикалық фестивалін тұрақты өткізу дәстүрге айналған.

Бүгінгі күні Жамбыл облысында 1 - Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1 - қазақстанның халық артисі, 4 - ҚР еңбек сіңірген артисі, 9 - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 120-дан астам Мәдениет қайраткерлері мен Мәдениет саласының үздіктері халықтың мәдени-рухани жұмыстарын дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өз үлестерін қосуда.

2019 жылы «Жастар жылына» орай өнердегі шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында облыстық филармония жанынан «Айша бибі» этно-фольклорлық би ансамблі құрылды.

Облыстың шығармашыл өнер ұжымдары бірқатар жетістіктерге жетіп, шет елдермен мәдени байланыс  нығайып отыр.

2021 жылы Облыстық орыс драма театры Керчь қаласында (РФ, Крым) өткен Халықаралық «Боспорские Агоны» театр фестиваліне қатысып, «За верность Международному фестивалю античного искусства» номинациясын иеленді.

2022 жылы Өзбекстан Республикасы Хиуа қаласында ұйымдастырған «Лазги» халықаралық би фестиваліне Қазақстан атынан жамбылдық «Ақкербез» би ансамблі қатысып, ансамбльдің бишісі Гүлнұр Қасымбек «Аққу» биімен І орын жүлдесіне ие болды.

Шығармашылықты қолдаудың нәтижесінде, «Хабар» агенттігінің ұйымдастыруымен өткен «Жеті қазына» республикалық телевизиялық жобасында 20 өңірлік командалар арасынан Жамбыл облысының командасы үздік шығып, Бас жүлде алды.

Республикалық «Асыл домбыра» айтысында да 20 өңір ішінен Жамбыл облысы Бас жүлдені иеленді.

2023 жылы Қырғызстанда өткен Мейкин Азия-2023 халықаралық әншілер конкурсында филармония әншісі Айна Қалмағамбетова Гран при жүлдесін жеңіп алды.

2018 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Рухани қазына» республикалық фестивалінде облыстың мәдениет мекемелері мен қызметкерлері әр жылдары үздік атануда.

Облыстың мәдениет саласы күннен-күнге өсіп-өркендеуде.  Алдағы уақытта да, Жамбыл облысының ғасыр тойында, мыңжылдықтарында да мәдениет саласының биік белестері мен бағындырған асулары айрықша айтылары анық. Өйткені, ұлттың көші мәдениетімізбен, өнерімізбен бірге ілгерілейді.

Алдағы уақытта атқарылар істер ауқымды .