-2 °C: Кей өңірлерде үсік жүреді

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

30 сәуір Қазақстан аумағының басым бөлігінде антициклон жотасының әсері сақталады. Соған байланысты көбіне жауын-шашынсыз, ашық ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алайда "Қазгидромет" синоптиктерінің мәліметінше, елдің батысында, солтүстік-батысында, сондай-ақ оңтүстігінде және оңтүстік өңірлердің таулы аймақтарында кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Солтүстік-батыс пен оңтүстік-батыста бұршақ түсуі мүмкін. Ал кейбір аудандарда, әсіресе солтүстік-батыс пен оңтүстікте, желдің екпіні күшейіп, дауылды жағдайлар болуы ықтимал. Республика бойынша жел күшейіп соғып, тұман түсуі де болжанады.

Сонымен қатар түнгі уақытта Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында ауа температурасы -2 °C-қа дейін төмендеп, үсік жүруі мүмкін.

Еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі сақталып отыр: Жетісу облысының оңтүстігі мен шығысында, сондай-ақ Қызылорда облысының жекелеген аумақтарында өрт қаупі өте жоғары деңгейде бағаланса, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарының кейбір аудандарында және Абай облысында жоғары деңгейдегі өрт қаупі тіркелген.