Төрт жылдық максимум: мұнай бағасы шарықтады

Ulysmedia
фото: ашық дереккөзден

Трамптың Иранға қатысты мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НАРЫҚ АЛАҢДАУЛЫ

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 120 долларға дейін көтеріліп, 8%-ға қымбаттады. Осылайша, қара алтын құны 2022 жылдың маусымынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. 

Мұнай бағасының өсуіне Трамптың «Тегеран ядролық келісімге келіспейінше, Иранға қойылған блокада сақталады» деген сөзі әсер еткен.

Сарапшылардың айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыстың жақын арада шешілуі күмәнді болғандықтан, нарықтағы алаңдаушылық күшейіп, баға өсіп отыр.

ИРАН ЭКОНОМИКАСЫНА ҚЫСЫМ

Еске салайық, бұдан бұрын Wall Street Journal АҚШ президенті Дональд Трамп өз көмекшілеріне Иранды ұзақ уақытқа оқшаулау шараларына дайындалуды тапсырғанын жазды.

Ресми дереккөздердің айтуынша, АҚШ басшысы бомбалауды қайта бастау немесе қақтығыстан толықтай шығу сияқты баламаларға қарағанда, блокаданы сақтап қалу тәуекелі төмен деп есептеген.

Дегенмен, мұндай шектеулердің жалғасуы қақтығысты созып, бензин бағасының өсуіне әкеліп, Трамптың рейтингіне кері әсер еткен. Сондай-ақ бұл жағдай республикашылдардың аралық сайлаудағы мүмкіндігін әлсірете түскені айтылған.

ИРАННЫҢ ҰСЫНЫСЫ

Бұған дейін Иран Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуылды тоқтатып, соғысты аяқтауды, ал ядролық келіссөздерді кейінге шегеруді ұсынған еді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеуге арналған бұл ұсынысқа наразы, өйткені онда Иранның ядролық бағдарламасы қарастырылмаған.

CNN дерегінше, жағдайдан хабардар екі дереккөз Дональд Трамп бұл жоспарды қабылдауы екіталай екенін айтқан. АҚШ шенеуніктерінің пікірінше, Ормуз бұғазының жұмысын қалпына келтіру уранды байыту мен оның қорына қатысты мәселелер шешілмей жүзеге асса, Вашингтонның келіссөздердегі негізгі ықпал тетігі әлсіреуі мүмкін. Ал бұғаздағы шектеулер сақталса, энергия тасымалдаушылар бағасы әзір арзандай қоймайды, бұл АҚШ-та газ бағасының күрт өсуіне алып келген.