Мүгедектігі бар адамдардың жәрдемақысы алғаш рет 100 мыңға жетеді

Ғалиасқар Думан

Бүгін халықаралық мүгедектер күні. Осыған орай Ulysmedia.kz мүгедектің айналасындағы кей мәселелерге түсінік береді.

Көрнекі сурет

СЫРТТАЙ ФОРМАТ

Қазақстанда мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы жүргізіліп келеді.

Биыл пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 86 мыңнан астам өтінім қаралған.

2023 жылы 76,4 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралған, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 30,4%-ын құрайды.

Бүгінде Қазақстанның барлық 20 өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба іске асырылуда.

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

БҰЛ НЕ БЕРЕДІ

Сырттай куәландыруға көшу:

- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;

- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;

- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

МҮГЕДЕКТІК БОЙЫНША ЖӘРДЕМАҚЫ

2025 жылы жәрдемақы мөлшері:

I топ үшін 101 702 теңге;

II топ – 81 362 теңге;

III топ – 55 474 теңге;

мүгедектігі бала кезінен болса,

I топ үшін 101 702 теңгеҒ

II топ – 84 598 теңге;

III топ – 74 428 теңге.

ҚОСЫМША КӨМЕК

Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша қарастырылған техникалық құралдар (кресло-арба, протездік бұйымдар, ноутбуктар, есту аппараттары, ұялы телефондар және т.б.) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен тегін және өтеусіз негізде тұрақты пайдалануға беріледі

МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМ ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҚҚАНДА

Әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар адам зейнеткерлік жасқа жеткен кезде оған жәрдемақыны төлеу тоқтатылып, зейнетақы тағайындалады. Егер де тағайындалатын зейнетақы бұрын алған жәрдемақыдан аз болса, онда қосымша ақылар жәрдемақының мөлшеріне дейін жеткізіледі. Ал егер мүгедектігі бар адамдар зейнеткерлік жасқа толғанда, зейнетақы алуға негіз болмаса (құқығы жоқ, объективті жағдайға байланысты жинақтаушы зейнетақы қорында жарналары жоқ, мүлдем жұмыс істемеген) мүгедектігі бойынша алып отырған жәрдемақының мөлшері сақталады.