Жас мұсылман Нью-Йорк мэрі болып сайланды

Сырым Қаржас
Фото: zohranmamdani

34 жастағы Зохран Мамдани Нью-Йорк мэрі сайлауында жеңіске жетіп, республикашыл Кёртис Слива мен тәуелсіз үміткер, бұрынғы губернатор Эндрю Куомоны артта қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ол Нью-Йорк тарихындағы алғашқы мұсылман мэр атанды. Мамдани Үндістаннан шыққан отбасында Угандада дүниеге келген, кейін Оңтүстік Африка Республикасына, одан соң АҚШ-қа қоныс аударған. 2018 жылы АҚШ азаматтығын алған, ал 2025 жылдың басында сириялық суретшіге үйленген. Үлкен саясатқа келгенге дейін ол тұрғын үйінен айырылу қаупі бар адамдарға көмектесумен айналысқан. Сондықтан оның сайлауалды науқанының басты тақырыбы – қолжетімді баспана болды. Сондай-ақ, ол байларға салынатын салықты арттыруды, ең төменгі жалақыны біртіндеп сағатына 30 долларға дейін көтеруді, мектепке дейінгі білім мен автобустағы жолақыны тегін етуді қолдайды.

КОНТЕКСТ

Мамдани көптен бері Демократиялық партияның солшыл қанатына жақын. 2017 жылдан бері ол «Америка демократиялық социалистері» ұйымының мүшесі. Оның көзқарастары қоғамда әртүрлі пікір туғызады. Қарсыластары оны «тым радикалды» деп санайды және оның риторикасы қоғамды екіге бөледі деп сын айтады. Соған қарамастан, Мамдани Демократиялық партияның праймеризінде сенімді түрде жеңіп, жалпы сайлауда да сайлаушылардың қолдауына ие болды.