Оңтүстік Корея: Президент өз еркімен кетпесе, оған импичмент жарияланбақ

Ғалиасқар Думан

Сеул мен басқа да қалаларда таңертең президенттің отставкаға кетуін талап еткен демонстрациялар қайта жалғасты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Reuters

ТОЛЫҒЫРАҚ

Президент Юн Сок Ёль үкімет отырысында елдегі төтенше жағдай режимін жоюға келісімін берді. Бұған дейін Ұлттық жиналыс президент сейсенбі күні жариялаған төтенше жағдай режимін жою үшін дауыс берген болатын.

Президент бұл шараны конституциялық тәртіпті «коммунистік күштер» мен КХДР тарапынан төнетін қауіптерден қорғау үшін қажетті деп атаған.

Алайда, Оңтүстік Корея президентінің аппараты толық құрамда отставкаға кету туралы өтініш берді. Бұл шешім президенттің төтенше жағдай енгізуге тырысқаны сәтсіз аяқталғаннан кейін келесі күні таңертең қабылданды.

Барлық қызметкерлердің отставкаға кетуі туралы корейлік Yonhap News агенттігі хабарлады.

ПРЕЗИДЕНТ НЕ ІСТЕЙДІ

Өзі президент бүгінгі таңға жоспарланған барлық шараларын тоқтатып, жергілікті уақыт бойынша таңғы 10-ға дейін жаңа мәлімдемелер жасаған жоқ.

Парламентте көпшілік орынға ие Демократиялық партияның президентке қарсыластары Юн Сок Ёль отставкаға өзі кетпеген жағдайда, импичмент процесін бастайтындарын мәлімдеді.

Сеул мен басқа да қалаларда таңертең президенттің отставкаға кетуін талап еткен демонстрациялар қайта жалғасты.

ДҮРБЕЛЕҢ

Кеше кешке Оңтүстік Корея президенті елде әскери жағдай енгізілетінін мәлімдеді. Ол мұны елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін және конституциялық тәртіпке нұқсан келтіретін «мемлекетке қарсы күштермен» күресуге бағытталған шада деп түсіндірді.

Осыдан кейін елде дүрбелең басталып, президентке қарсы наразылық шаралары жүріп жатты.

Әскери жағдайға қарсылар президентті конституцияны бұзды және билікті тартып алмақ болды деп айыптады. Ұзамай Корея Республикасының Ұлттық ассамблеясы (парламент) әскери жағдайды алып тастады.

Елде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі ел азаматтарына үндеу жолдады.

ИМПИЧМЕНТТЕР

Оңтүстік Кореяның саяси тарихында бірнеше рет президентке импичмент жарияланды. Елдегі ең танымал импичмент оқиғаларының бірі 2016-2017 жылдардағы президент Пак Кын Хе-ге қатысты жағдай болды.

Пак Кын Хе «Чхве Сун Силь ісі» деп аталған жемқорлық жанжалға байланысты айыпталды. Президент жақын досы Чхве Сун Сильмен бірге ірі корпорациялардан қаржылық қолдау көрсетуді талап етіп, жеке мүдделеріне пайдаланды деп айыпталды. Бұл жанжал жаппай наразылық акцияларын тудырды. 2016 жылдың желтоқсанында Оңтүстік Кореяның Ұлттық жиналысы президентке импичмент жариялауға дауыс берді. Конституциялық сот 2017 жылдың наурыз айында бұл импичментті растады, нәтижесінде Пак Кын Хе президент қызметінен босатылды. Пак Кын Хе қызметінен кетіп, кейіннен жемқорлық және қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін сотталып, ұзақ мерзімге түрмеге қамалды.

Но Му Хен (2004)

Но Му Хен президенттік сайлау алдында бейтараптылық ережелерін бұзды деп айыпталды. Оның қарсыластары оны саяси партиялардың біріне қолдау көрсетті деп кінәлады. 2004 жылдың наурызында Ұлттық жиналыс президентке импичмент жариялады. Алайда, бұл шешім Конституциялық соттың қарауына жіберілді. Конституциялық сот импичментті мақұлдамады және Но Му Хен өз қызметіне қайта оралды.