Бүгінгі күні Жамбыл облысы «жасыл» экономика аясында электр қуатын өндіру бойынша республикада көш бастап тұр.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «Жасыл» экономиканы дамыту аясында республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Жалпы бүгінгі күні барлығы 2525 мегават қуатты құрайтын 141- ден аса жанартылатын энергия нысаны жұмыс істеуде. Ал өңірде жалпы қуаты 571 мегаватты құрайтын 22 нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 251,25 мегеваттық 6 күн электр станалары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда.
Бұдан бөлек, қолға алынған жобалар көп. Соның бірі Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы қуаты 1000 мегаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Осы жерде бір атап өтерлік жайт, кеше ғана Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының Қазақстан Жамбыл облысындағы зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы тұр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды. Құрлыс жұыстарын осы жылдың қарашасында бастап, нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жылдық қуаты бір-екі гегаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300 ге жуықтамақ. Ал қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы бөлінген жер аумағы 24 гектар.
Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловат сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Сондай-ақ осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловат болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы - 7 мегаватт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерген. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 мегаваттық «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады. Бұдан бөлек, Жуалы ауданында Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасы мен «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарлануда. Бұл жобалар бірнеше жыл қолға алынғанымен, әзірге құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.
Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда жасыл экономика белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда.
Аймақта күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің саны 1,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілмек.
Жамбыл облысы өңірінде күн инсоляциясының көрсеткіші сағатына 1500-1600 киловатқа дейін жететінін, бұдан Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншілктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы аймақ қатарында. Аудандар бөлінісінде қарасақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында сағатына – 1 465, Меркі ауданында – 1471, Шуда – 1459, Т.Рысқұловта – 1463, Жуалыда – 1520, Сарысуда – 1520 киловат күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар. Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды. Атлас картасына сәйкес республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғы шарты болып табылады. Картадан есептеп, салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екендігі байқалады. Қалған аудандарда, картаға сәйкес, жел энергиясын өндіру әлеуеті төмен, желдің жылдамдығы 5 метрсекундтан аспайды.
Су ресурстарының мүмкіндіктерін анықтау бойынша табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі басқармамен бірлесіп облыстың өзендері мен су қоймаларының мүмкіндіктері зерттелді. Нәтижесінде облыстың 10 өзені мен су қоймаларында жүзеге асырылуы мүмкін 12 перспективалық жоба анықталды. Стансалардың болжамды қуаты шамамен 140 мегаватты құрайды.
Перспективалы жобалар негізінен тау өзендерінің жоғарғы ағысында тұрған Жуалы, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарының аумағында орналасқан. Жобалардың бұл тізімі шетелдік және отандық инвесторларға ұсыныс ретінде ұсыну үшін «Қазақ Инвест» компаниясының облыстық филиалына жіберілді. Аталған аудандарға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторларды тарту бойынша жұмыс күшейтілген.
Қорыта айтсақ, табиғат көзінен энергия өндіру аймақта дұрыс жолға қойылып келеді. Ең бастысы бұл жобалар кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Жұмыс осылай жалғасын табатын болса, алға қойылған мақсат – электр қуатын өндіретін стансалар санын 32 нысанға жеткізу өз мәресіне жетеді деген сенімдеміз. Ол көзде өндірілетін қуат көзі 1251 мегаватқа жетпек. Бұл бізді көрші мемлекеттерден электр энергиясын сатып алу тәуелділігінен арылтары анық.