Қазақстанда газет-журналдарды «өлтірмей» аман алып қалу үшін 10 млрд теңге керек

Аян Өрібай

"Қазпошта" АҚ-ның басқарма төрағасы Әсел Жанасова газет-журналды жеткізу құны, газеттерді ұстауға кететін шығын туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ЖАНАСОВА НЕ ДЕЙДІ

Бұған дейін Қазпошта басшысы Әсел Жанасова “газеттер мен журналдарды Қазпошта өлтіреді” деп көп айтылатынын, бірақ шын мәнінде аталған мекеме ауылдар мен қалаларды жалғастырып жатқан қантамыр екенін жеткізген болатын. Мекеме басшысы мұны мәжіліс отырысында мәлім етті. Оның сөзінше, бір газетті ауданнан ауылға жеткізу құны 17 теңге тұрады. Бұл қаражат өте аз.

Парламент кулуарына шыққаннан кейін Ulysmedia.kz тілшісі Әсел Жанасовадан “сонда әр газетті немесе журналды жеткізу үшін 17 емес, қанша теңге керек?” деп сұраған.

– 17 теңге ғана! Осы себепті біз жалақыны да көтере алмаймыз. Газеттің бағасы сол газетті шығару үшін ғана керек. Жыл сайын жанармайдың бағасы 20 пайызға өсіп жатыр. Жыл сайын жалқыны да көтеру керек. 30 пайызға біздің шығын өсуде. Ал тарифтер 2017 жылдан бері қарастырылмаған. 10 млрд теңге зиян келтіріп тұр. Газет-журналдардың жағдайын ойласақ, тарифті көтеруіміз керек, – дейді ол.

Әсел Жанасованың сөзінше, басылымдарды уақтылы өңірлерге жеткізу үшін 10 млрд теңге керек. Жанасованың сөзінше, бір ауылға екі газетті жеткізу үшін бір көлік жіберуге тура келіп жатады. Қазпошта тарапы тиісті өтінімді жауапты ведомстволарға берген. Жауап күтіп отыр.

ДЕПУТАТТАР ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ҰСЫНДЫ

Бүгін Парламентте Пошта туралы заң жобасы қаралған. Депутаттар шалғай ауылдарда почта филиалдарын ашу және жабу регламенті бойынша ұсыныстар енгізген. Екіншіден, заң жобасымен «Қазпошта» АҚ-ның өңірлерде дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша логистикалық әріптес болуына мүмкіндік беретін түзетулер ұсынды. Бұл оператордың инфрақұрылымын сақтап қалуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және болашақта дәрі-дәрмектерді «есікке дейін» жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ғаламтор арқылы әр түрлі қызмет көрсететін халықаралық платформалардың мүмкіндіктері біздерге қолжетімді болып жатыр. Заң жобасында ұсынылған түзетулер Қазпоштаға кеден брокері ретінде жұмыс жасауға жол ашады. Бұл тұтынушылар үшін кедендік құжаттарды ресімдеуді жеңілдетеді және халықаралық электрондық саудаға мүмкіндік береді.