Кенияда қуаңшылықтан керіктер қырылып жатыр

Ulysmedia

Кенияның солтүстігінде соңғы он жылдағы ең ауыр жұттан миллиондаған мал қырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Су мен жем-шөптің жоқтығынан даладағы аң-құс босып кеткен.

Фото: BBC news

BBC қызметі хабарлағандай, жабайы жануарлардың қырылуы жиілеп барады. Ваджирде ірі қараның, ешкілердің, тіпті керіктердің өлекселері табылып жатыр. Су көздерін ластамасын деген саябақ қызметкерлері алты керіктің өлексесін алысқа апарып тастаған.

Аудан қуаңшылықтан ең көп зардап шеккен аймақтардың бірі.

Аймақта, сондай-ақ Сомали мен оңтүстік Эфиопияның көп бөлігінде құрғақшылық кем дегенде 2022 жылдың ортасына дейін жалғасып, қауіп төндіреді деп болжанып отыр.

Жергілікті билік ірі қараның 70 пайызы аштық пен шөлден өлгенін айтады. Қырылған миллиондаған мал жергілікті халықтың негізгі күнкөрісі.

Көршілес Сомали елінде гуманитарлық төтенше жағдай жарияланды.