Иран парламенті киімге шектеулерді күшейтетін "пәктік пен хиджаб" туралы жаңа заң қабылдады. Енді оған осындай қатаң шаралардың сыншысы – президент Масуд Пезешкиан қол қоюы керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР
Заң үш жылдық сынақ мерзімін қамтиды: ол бойынша хиджаб кию ережелерін бұзғаны үшін әйелдер мен ерлердің киім кию жағынан орынсыз мінез-құлықтары үшін қатаң жазалар қолданылады.
Әйелдер тартылған киім киіп, дене бөліктерін мойыннан төмен, тобық пен білектен жоғары киінсе, заң бұзған деп есептеледі. Еркектерге кеудеден төмен, тізе мен иығы ашық киімдерді киюге тыйым салынады. Бұл шаралар бүкіл елде наразылық туғызды әрі режимнің тұрақтылығына үлкен сынақ болды.
САЛДАРЫ
Заң айыппұлдар мен басқа жазалар жүйесін енгізеді. Оның ішінде түрмеге қамау, саяхатқа тыйым салу, көлік жүргізуге шектеу енгізу, интернеттен ажырату секілді шаралар бар.
Шектеулер клиенттер арасында дресс-кодтың сақталуын қадағаламайтын бизнес иелеріне де әсер етеді.
Сандық кеңістікті бақылауға ерекше назар аударылады. Заң әлеуметтік платформаларды үкімет орынсыз деп санайтын мазмұнды жоюға міндеттейді. Орынсыз мінез-құлықты насихаттайтын қоғамға белгілі адамдар заңды бұзса, активтерінің 5%-на дейін айыппұл салынуы және елден кету құқығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, заң жасанды интеллект пен жолдарды бақылау камераларын пайдалануды қоса алғанда, бақылау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сондай-ақ азаматтарға тәртіп бұзушылықтар туралы полиция жүйесі арқылы хабарлау ұсынылады.
Парламенттің консервативті күштері алға тартқан заң жобасы 13 желтоқсаннан бастап жүзеге асыруға дайын. Алайда бұған дейін оған осы бастаманы бұрын сынаған президент Масуд Пезешкиан қол қоюы керек.
Бұған дейін Иранның сот органдары көшеде бір іш киім киген Тегерандағы Азад Ислам университетінің студентінің резонанстық әрекетіне қатысты істің аяқталғанын хабарлады. Бұл оқиға адам құқықтарын қорғау ұйымдарының халықаралық наразылығын туғызды.
БАҚ-тың хабарлауынша, университеттің күзетшілері хиджаб кию ережелерін бұзғаны үшін оған шабуыл жасаған, содан кейін студент кампуста іш киіммен шығып, наразылық білдірген.
19 қарашада студентке айып тағылмай үйге қайтарылғаны белгілі болды. Сот билігінің өкілі Асгар Джахангирдің айтуынша, бойжеткен ауруханаға жіберілген. Оған психикалық ауытқушылығы бар деген диагноз қойылған.