Атырауда жастарды «Таблиғи жамағат» идеологиясына тартқан уағыздаушы ұсталды

Сырым Қаржас

Атырауда діни-экстремистік идеологияны уағыздаушы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ІІМ-ге сілтеме жасап.

скриншот

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Атырау қаласында полиция қызметкерлері «Таблиғи жамағат» діни-экстремистік ұйымының идеяларын таратты деген күдікпен ер адамды ұстаған. Аталған қозғалыс Үндістан және Пәкістан елінен шыққан, идеология азаматтық құқықтар мен міндеттерден (отбасын қамтамасыз ету, ата-анаға қамқорлық жасау, балаларды тәрбиелеу, білім алу, тұрақты жұмыс істеу және т.б.) бас тарту арқылы үздіксіз миссионерлік қызметке негізделеді. Ұйым Қазақстанда экстремистік деп танылып, дәстүрлі моральдық құндылықтарға қатер төндіретін ұйым ретінде сот арқылы тыйым салынған.

ИДЕОЛОГИЯНЫ НАСИХАТТАҒАН

Полицияның хабарлауынша, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталған азамат мешіттерде діндар жастармен әдейі кездесіп, үйлеріне шақырып, экстремистік әрекеттерге тарту мақсатында «Таблиғи жамағат» идеологиясын насихаттағаны анықталған. Тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде сот шешімімен тыйым салынған діни мазмұндағы кітаптар мен электронды материалдар тәркіленген. 44 жастағы күдікті бұған дейін де осы экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған. Экстремизмді жүзеге асыруға байланысты сот шешімімен тыйым салынған діни ұйымды ұйымдастыру және оның қызметіне қатысу белгілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.