"Саурандағы Теке ауылына су басу қаупі төніп тұр": Әкімдік өзен арнасын нығайтып жатыр

Ғалиасқар Думан

Ulysmedia.kz порталына шыққан мақаладан кейін су басу қаупі төнген Теке ауылындағы Қарашық өзенінің жағасы нығайтылып жатыр.

Коллаж Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Кеше Ulysmedia.kz Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Теке ауылының тұрғыны Раушан Оспанованың шағымы бойынша материал жарияланған. Ол жерде биылғы көктемде үйін су алған тұрғын ауылға тасқын қаупі тағы да төніп тұрғанын, әкімдік алдын алу жұмысын шикі жасағанын айтқан.

“Су келген арықтың жағалауына топырақты үйіп-үйіп кетті. Оны басып, нығыздаған жоқ. Ар жағынан таяқ тықсаң, бергі жағынан шығып кетеді. Ертең су тасыса қуыс, үйілген топырақты оңай шаяды ғой. Ол кезде үйімізді сумен қоса, топырақ басады. Оның үстінен трактор жүргізіп, басып, істеп береміз деген. Ештеңе істемеді, әкеліп тастап кетті. Қарашық өзіні бұзылған күйі жатыр, ойылған жері жабылмаған. Оны бітесе, су ары қарай ағып кетер еді. Осыны ауыл әкіміне де, аудан әкіміне де неше мәрте айттым. Тыңдамайды. “Ауылдың салып етек қатыны деп ойлады ма” мені мазақ қылып шығарып салды” деген тұрғын.

Теке ауылының тұрғыны көшеге дұрыс жол жүргізіп, жарық тартып беруді сұрай-сұрай шаршадық, ауданда тұрғындардың мұң-зарын естір құлақ табылмай тұр деп налыған.

АУДАН ӘКІМДІГІ НЕ ДЕЙДІ

Ulysmedia тұрғынның шағымы бойынша Түркістан облысы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровқа арнайы сауал жолдаған. Редакция хатына жауап аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиевтің атынан келді.

Әкімдік Теке елдімекені аумағынан өтетін Қарашық өзенінің 12 км арнасын тазалап, іргесін көтердік, 5 тоспа орнатып, елді мекен ішіндегі арық-атыздарды тазаладық деп сендірген.

ӘКІМДІК ӘРЕКЕТІ

Кеше Раушан Оспанова редакцияға хабарласып, мақала шыққаннан кейін Текеге ауыл әкімі, төтенше жағдай қызметі келіп, трактормен өзен арнасын нығайтып, қазылған жерді тегістеп жатқанын айтты. Үнін жеткізген редакцияға, бірден әрекет еткен әкімге алғысын білдірді.