ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының еншілес ұйымы «KMG PetroChem» ЖШС басқарма төрағасы болып экс-министрдің ұлы Игорь Ильин тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңа төрағаны компания ұжымына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дастан Абдулғафаров таныстырған.
И.Ильин Қазақстан-Британ техникалық университетін Автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша бітірген.
КІЛЕҢ БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
Қызмет жолынан негізінен басшылық лауазымдарда болғаны аңғарылады.
2012 жылы тағылымдамадан кейін Worley Parsons компаниясында еңбек жолын бастаған. Әр жылдары «Karabatan Utility Solutions» ЖШС Басқарма төрағасы, «ОАЭК» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақ мұнай және газ институтының ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС-да басшылық қызметтерде еңбек еткен.
ЭКС-МИНИСТРДІҢ ҰЛЫ
Игорь Ильин бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің ұлы.
Юрий Ильин 2023 жылғы 10 маусымда Абай облысындағы алапат орман өрттеріне байланысты қызметінен босатылған.
СЕМЕЙ ОРМАНЫНДАҒЫ ӨРТ
Еске салайық, 2023 жылы 8 маусымда “Семей орманы” резерваты аумағында өрт тұтанған еді. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды (қазір ол да бұл қызметте жоқ). Антикор мәліметінше, төтенше жағдай министрлігінде жемқорлықтың 70%-ын бөлімше басшылары жасаған. Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі.
Бородулиха аудандық соты резерват қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін (ҚК 292-бабы 3-бөлігі) екі адамды кінәлі деп танып, әрқайсысын жеті жылдан бас бостандығынан айырған болатын.