«АҚШ визасын алып беремін»: Алаяқ семейлік тұрғынды сан соқтырды

Қалижан Бектемір

Семейде студент АҚШ визасын алмақ болып, алаяқтың құрбанына айналған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

МӘН-ЖАЙЫ

Полицияға 21 жастағы төртінші курс студенті жүгінген. Ол биыл көктемде "Америкаға бару туралы арманын" жүзеге асырмақ болған. Алайда алаяқтың құрбаны болғанын айтты.

Жігіттің сөзінше, бейтаныс ер адам оған АҚШ визасын рәсімдеуге көмектесуді ұсынған. Өз қызметі үшін ол 199 300 теңге сұрап, студент бұл соманы толықтай аударған. Алайда ақша қолына тиген соң, "көмекші" байланысқа шықпай, студентті алдап кеткен.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Абай облысының полицейлері жедел әрекетінің арқасында күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Жамбыл облысының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта ер адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Құжаттар немесе лицензиялар арқылы расталмаған қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеңіздер. Виза рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беретін компаниялар мен жеке тұлғалардың беделін міндетті түрде тексеріңіздер. Егер алаяқтыққа тап болсаңыздар, бірден құқық қорғау органдарына жүгініңіздер – бұл мәселені жедел шешуге және болашақта осындай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі, – деп ескертті Абай облыстық Полиция департаменті. 

Бұған дейін ресейліктерді Қазақстан азаматтығын әпереміз деп алдайтын алаяқтар пайда болғанын жазған едік.