Сирияның бұрынғы президенті елден армия «соңғы позицияларын беріп» және «барлық мемлекеттік институт сал болып қалғанда» ғана кеткенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙ КҮНІ ҚАШТЫ
Euronews-тің жазуынша, Башар Асад елден қашқаннан кейін алғашқы мәлімдемесі жариялаған. Ол Дамаскіде көтерілісшілер астанаға кірген 8 желтоқсан күні таңертеңге дейін болғанын және сол күні кешке армия «соңғы позицияларын жоғалтқанда» және «барлық мемлекеттік мекемелер сал болып қалған кезде» елден кеткенін айтты.
Бұл мәлімдеме бұрынғы президенттің Telegram-каналында жарияланды. Онда оның Дамаскіден ресейлік Хмеймим авиабазасы орналасқан Сирияның Латакия провинциясына барғаны айтылады. Сонымен бірге оның астанадан кетуі «ресейлік одақтастармен келісе отырып және әскери әрекеттерді одан әрі бақылау мақсатында» жүзеге асырылғаны айтылады.
ТАҒЫ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Сирияны 61 жыл билеген Асад әулетінің дәурені келмеске кетті
БАШАР АСАДТЫҢ УӘДЕСІ
Бұрынғы президент «Сириядағы оқиғалар кезінде отставкаға кету және елден қашу мүмкіндігін бір рет те ойламағанын» айтады. Ал оның Хмеймим базасынан эвакуациялануына армияның құлағаны және базаның өзіне ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасай бастағаны себеп болған көрінеді.
Асад мәлімдемені жариялауды қауіпсіздік мақсатында кейінге қалдырғанын жазды және оқиға туралы егжей-тегжейлі баяндауға уәде берді.
БҰҒАН ДЕЙІН...
Еске салсақ, бұған дейін Сириядағы қарулы оппозицияның қолбасшылығы әйелдердің еркін киіну құқығын жариялаған болатын. Ал Ресей Сыртқы істер министрлігі Башар Асад президенттіктен кеткенін мәлімдеді.
Сондай-ақ бұған дейін Сирия президенті Башар Асад ұшақ апатынан ажал құшқан болуы мүмкін екені айтыла бастады. Оның ұшағы кенеттен радардан жоғалып кеткен болатын.