Мәскеудегі Рязан даңғылындағы тұрғын үйдің жанында жарылыс болды. Ресейлік телеграм-арналардың хабарлауынша, екі адам қаза тапқан. Жарылыс орнында түсірілген суреттерден үйдің кіреберісінде жерде жатқан денелерді көруге болады. Қаза тапқандар – әскери қызметкерлер деп болжануда, деп жазады Ulysmedia.kz.
ҚАЗА ТАПҚАН ГЕНЕРАЛ
Baza телеграм-арнасының деректерін келтірген Радио Свабода басылымы қаза болғандар генерал-лейтенант және оның көмекшісі немесе жүргізушісі екенін хабарлады.
ASTRA телеграм-арнасының деректері бойынша, қаза болған генерал-лейтенант – Ресей Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің басшысы Игорь Кириллов.
Mash және "112" арналарында да осы ақпарат расталған.
Ақпарат ресми түрде әлі расталған жоқ.
РЕСЕЙ БАСЫЛЫМДАРЫНДАҒЫ АҚПАРАТ
ТАСС агенттігі жедел қызметтерге сілтеме жасап, жарылыс тұрғын үйдің бірінші қабатында болғанын хабарлаған. Үй газбен жабдықталмаған. РИА "Новости" деректері бойынша, бірінші қабаттан үшінші қабатқа дейін терезелер сынған, кіреберіс есік зақымдалған. Тұрғындардың болжамы бойынша, жарылғыш құрылғы үйдің жанындағы самокатқа орнатылған.
Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғады, бірақ бап әлі нақты көрсетілген жоқ. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеуде.
САНКЦИЯ
Генерал-лейтенант Игорь Кириллов Ұлыбританияның санкция тізімінде. Оған Украинада химиялық қару қолдануға қатысы бар және жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. АҚШ пен оның одақтастары Ресейдің украиналық әскери қызметкерлерге қарсы хлорпикрин деп аталатын улы зат қолданғанын мәлімдеген.