Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ ішуге, сатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НАЗАРОВ НЕ ДЕЙДІ
Мәжілісте Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Отырыста депутат Ардақ Назаров тың бастама көтерді.
– Бір-екі жыл бұрын Түркістанда болғанбыз. Түркістан – рухани астанамыз. Осы заң аясында біз Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп, көшеде жүруге заңның аясында тыйым салсақ... Өйткені Түркістаннан бүкіл қазақ рух алу керек. Біздің бабаларымыз, батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақтар келеді. Сол кезде біздің азаматтар арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят. Түркістанда араққа тыйым салуға бола ма? – деді ол.
Бұл бастамаға жауап берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірде шынында да, “Ішімдіксіз ауыл” деген жоба жарияланып, өңірде 30-дан астам ауыл оған қосылғанын айтады. Жергілікті зиялы қауым, ақсақалдардың қатысуымен түрлі форматта талқы өткізілген.
– Дегенмен, Түркістан қаласының рухани мәдени бағытымен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалып, бекітіліп отыр. Соған сәйкес, бизнес қауымдастыұқ өкілдері тарапынан ол мәселеге әртүрлі көзқарас бар. Аталған мәселе орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін бұл мәселені тиісті заң нормалары аясында қарастыруы қажет деп санаймыз, – дейді ол.
ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖАЙЛЫ
Құжатты депутаттар алдында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәжіліске «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырды. Заң жобасы мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген. Соңымен қатар, заң жобасын әзірлеуге Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тануы, қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болған. Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және т.б. мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелген.