Әділет министрі Азамат Есқараев жуырда сенат мақұлдаған "Мемлекеттік құпиялар туралы” заңдағы экс-президенттерге қатысты нақты қандай құпия болатыны туралы сұраққа мардымды жауап бере алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
- Конституцияда жазылған: Президент және оның отбасы мүшелері мемлекеттің қорғауында және қамтамасыз етуінде болады. Осы норма экс-президенттерге таратылады.
- Отбасы мүшелеріне кімдер кіреді?
Журналитс-министр диалогы төмендегідей өрбіді:
- Неке және отбасы заңы бойынша… неке туралы кодексте жазылған кім кіретіні, ашып қарап алыңыз.
- 18-ге толып кеткен, ересек ұл-қыздары кіре ме? Мәселен, Дариға Назарбаева, Әлия Назарбаева?
- Қосымша сізге баспасөз хатшымыз жауап береді
- Ал жеке өмірі туралы мәлімет дегенде нені меңзеп тұрсыз? Мысалға Дубайдан алған үйлері бар, солар туралы да мәлімет құпия бола ма?
- Мен сізге жауап беріп жатқаным, мемлекет өз тарапынан экс-президентке мемлекеттік қорғауды береді, қамтамасыз етеді.
- Қандай мәлімет құпия саналады, айтыңызшы?
- Заңда… өзіңіз айтып жатсыз ғой…
- Денсаулығы екенін түсіндік. Жеке өмірі деген нені меңзейді
- Бұл мәселеге сізге қосымша анықтама ретінде жауап беремін.
Бұған дейін сенат "Мемлекеттік құпиялар туралы” заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдаған. Оған сай, Қазақстанда экс-президенттер мен олардың отбасы жайлы деректер құпия ақпараттар қатарына енгізіледі. Жобаға сәйкес, мемлекеттік құпияларға қазіргі президенттің, оның отбасының қауіпсіздігі, сондай-ақ оның денсаулығы мен жеке өмірі туралы мәліметтер ғана емес, сонымен қатар экс-президенттер мен олардың отбасылары туралы ұқсас ақпарат та енгізіледі.