Зеленский: Киевтің Қырым мен Донбассты қайтаруға күші жоқ

Ғалиасқар Думан

Украина президентінің айтуынша, ол жоғалтқан аумақтарды дипломатиялық жолмен қайтаруға үміттенеді. Сонымен бірге, Зеленский Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатып, оны "қатып қалған күйде" қалдыру қауіпті екенін жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Evgeniy Maloletka/AP Photo/picture alliance

Украина президенті Владимир Зеленский украин армиясының өз күшімен Қырым мен Донбассты қайтара алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 17 желтоқсанда француздық Le Parisien газетіне берген сұхбатында айтты.

КОМПРОМИСС

Зеленскийден соғысты тоқтату үшін қандай ымыраға бара алатынын сұрады."Қырым мен Донбассты, тіпті уақытша болса да, бере аласыз ба?" деп сұрақ қойды журналист

"Біз жерімізден бас тарта алмаймыз. Украина Конституциясы бізге мұны істеуге тыйым салады. Де-факто бұл аумақтарды қазір ресейліктер бақылауда ұстап отыр. Оларды қайтаруға күшіміз жетпейді. Біз тек әлемдік қауымдастықтың дипломатиялық қысымына сенеміз. Осы арқылы Путинді келіссөз үстеліне отырғызуға мәжбүрлеуге болады," — деп жауап берді.

ПУТИНМЕН КЕЛІССӨЗ

Зеленскийге Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз үстеліне отыруға дайынсыз ба деген сқрақ қойылды.

"Келіссөздерде кімнің қарсы алдыңда отырғаны маңызды емес. Маңыздысы – сіздің келіссөзге қандай жағдайда келуіңіз. Біз әлсіз позициядамыз деп ойламаймын, бірақ мықты позицияда емеспіз. Біз НАТО құрамына енеміз бе? Білмейміз. Еуропалық Одақтың мүшесі боламыз ба? Иә, бірақ қашан екенін білмейміз," – деді ол.

Сонымен қатар, ол әлемдік көшбасшылардың ешқайсысы Украинасыз Путинмен келіссөз жүргізе алмайтынын атап өтті.

“СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ ҚАУІПТІ”

Le Parisien басылымына берген сұхбатында Владимир Зеленский соғыс қимылдарын тоқтатып, оны "қатып қалған күйде" қалдыру қауіпті екенін айтты. Бұл сценарийді, бәлкім, Трамп командасы қалайды.

"Трамп бұл мәселелерге егжей-тегжейлі үңіледі, бірақ тек қажетті мүмкіндіктері болған кезде ғана. Қазіргі уақытта ол Ақ үйде жоқ, сондықтан барлық ақпаратқа: барлау деректеріне, қорғаныс министрлігінің мәліметтеріне және кейбір дипломатиялық арналарға қол жеткізе алмайды. Ол сол жерде болғанда, біз бірдей деңгейде сөйлесе аламыз. Ол сондай-ақ Украинаға зиян келтірмеу үшін асықпайтынымды біледі," – деді Украина президенті.

"Біз бәріміз соғыстың мүмкіндігінше тезірек аяқталуын қалаймыз және осы мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Біз дипломатияны қолданамыз," – деп қосты Зеленский.

ТРАМП КОМАНДАСЫМЕН БАЙЛАНЫС

The Wall Street Journal деректері бойынша, Украина билігі желтоқсан айында АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамптың командасымен соғысты тоқтату туралы келіссөздер бастаған. Трамп бұған дейін бұл соғысты тез аяқтауға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. 7 желтоқсанда Зеленский Парижде Трамппен кездесті, кездесуді Франция президенті Эммануэль Макрон ұйымдастырды. Париждегі келіссөздерден кейін Трамп тараптарды атысты тоқтатып, келіссөздер жүргізуге шақырды. Кремль Ресейдің келіссөздерге дайын екенін, бірақ алдымен Украина билігі Ресеймен байланысқа тыйым салуды алып тастауы керектігін айтты. Украина билігі Ресейдің келіссөздерге дайын еместігін бірнеше рет мәлімдеген.