Дьюк университетінің түлегі, білім беру сарапшысы Ғабит Бекахметов nFactorial подкастында болашақ инноваторлар ауылдардан шығатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сарапшы өз мәлімдемесін «Балапан» телеарнасындағы бағдарламада жұмыс істеген тәжірибесімен түсіндірді.
«Біз ол бағдарламаға екі жыл бұрын продюсерлік еттік. Астанадан негізінен 1-2 сынып оқитын балаларды жинадық, бір қызығы, солардың арасында кездейсоқ ауыл балалары да болды. Мен 4 бағыт бойынша бағдарлама жасадым – шығармашылық, сыни ойлау, коммуникация және ынтымақтастық. Балалар өнер көрсетті. Кім жеңді дейсіз ғой? Ауылдың балалары. Өйткені олардың көкірегі ояу, табиғат аясында өскен. Ал қаланың балалары әртүрлі үйірмелерге қанша барса да, оларда о бастан қалыптасқан дағдылары жоқ еді. Болашақ инноваторлардың, болашақ Илон Маскстердің негізі ауылдарда жатса керек», деді ол.
БЕКАХМЕТОВ КІМ
Ғабит Бекахметов – білім саласындағы сарапшы, Duke University және Oxford University түлегі, бірнеше кітап авторы («Корабли знаний: НИШ, БИЛ, РФМШ», «Barsa Kelmes: The Nomads Return», «Основы критического мышления») және инновациялық мектептердің негізін қалаушы.
Ол 10-нан астам инновациялық мектепті (Urban School, Perspective School) іске қосып, Maruf fellows білім беру үдеткіші мен paradigm Shift консалтингтік компаниясын басқарған. Бекахметов бұған дейін Uysmedia-ға сұхбат берген: видео нұсқасын мына жерден көруге болады.