Ұстаз әрі жазушы – Семейде шырша безендіру кезінде биіктен құлаған мұғалім жайлы не белгілі

Сырым Қаржас

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, мұғалім Қуат Айтқалиев №49 мектепте жұмыс істейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

https://qalamger.kz/

МҰҒАЛІМ ЖАЙЛЫ

Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде жазушы, ұстаз Қуат Айтқалиев аяқасты құлап, реанимацияға түскен. Оның досы, ақын Біржан Ахмердің жазуынша, ол №49 мектепте жұмыс істейді.

– Қазір науқастың жағдайы ауыр. Мәселеге тікелей қатысы бар тұлғалар ел алдында жауап береді деп ойлаймыз. Қуаттың денсаулығы мектеп басшылығына емес, өзіне, отбасына керек. Мұғалімдерді осындай жұмысқа тарту қаншалықты дұрыс? Досыма амандық тілеймін. Тезірек сауығып кетсін, – деп жазды ол.

Мұғалім Семейде тұрады. Қаладағы Шәкәрім университетін бітірген.

1993 жылы 31 қазанда Жарма ауданы Белтерек ауылында дүниеге келген. Республикалық, облыстық аудандық бірнеше жыр мүшәйраларыынң жеңімпазы. «Алақұлын, «Бір кесе мұң», « Ажал иесі» атты әңгімелері бар.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, зардап шеккенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлаған еді. Министр өзінің Facebook парақшасында жазба жазып, елдің заңнамасын сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және олардың осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Министр педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп мәлімдеді.

Оқиға жайлы депутат Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы керектігін жазды.