АҚШ-тың ең ірі әуе компаниясы барлық рейстерін тоқтатуға мәжбүр болды

Ғалиасқар Думан

Рождество қарсаңында АҚШ-тың ең ірі авиакомпаниясы American Airlines техникалық ақауларға байланысты елдегі барлық рейстерді тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Rebecca Noble / Getty Images

Мұндай техникалық ақау көптеген америкалықтардың мереке қарсаңында өз жақындарын аралайтын ең қарбалас шақтың басталған кезінде болып отыр.

АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) рейстерді тоқтату туралы шешім әуе компаниясының өтініші бойынша қабылданғанын жеткізді.

«Бұл келеңсіз жайт реттеліп, шешімін тапты. Рейстер қайта жалғасты. Келтірілген қолайсыздықтар үшін клиенттерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Біздің команда клиенттерді мүмкіндігінше тезірек баруы тиіс жерге жеткізу үшін барынша әрекет етеді», деді American Airlines.

Әуе компаниясының бүгінде жоспарланған 3,900 рейсі бар және бұл оқиға бүкіл елдегі әуежайларда әжептуір кідірістердің тууына себеп болды. Жолаушылар бекеттердегі отырғызу талондарын сканерлеудегі қиындықтардың болғанын айтып, шағымданды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркия әуежайларында да жүйелік ақау салдарынан рейстер жаппай кешіккен еді.