Германияның Магдебург қаласында Рождестволық базарға келген адамдарды қағып кеткен Сауд Арабиясынан келген дәрігер Талеб А.-ның көлігінен өсиет хат табылған. Der Spiegel апталығының жазуынша, ол шабуыл кезінде қаза табуды жоспарлаған болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Талеб А. өз өсиетінде қайтыс болғаннан кейін барлық мүлкін Германияның Қызыл Крест комитетінің иелігіне беру туралы жазған. Журналдың деректеріне қарағанда, құжатта саяси мәлімдемелер жоқ.
"Магдебургтегі Рождестволық базарға шабуыл жасады деп күдіктелген адам, шабуыл кезінде қаза табуды көздеген болуы ықтимал", – деп мәлімдеді журналистер.
Der Spiegel басылымының мәліметінше, Талеб А. жүргізген қара түсті BMW автокөлігі 11 желтоқсанда, оқиғадан бір апта бұрын жалға алынған. Бір күннен кейін ол Магдебургтегі Maritim қонақ үйінен исламофобиялық америкалық блогқа бейне сұхбат берген. Сұхбат барысында ол америкалық миллиардер Илон Маск пен қастандық теориясының идеологы Алекс Джонсты мақтаған. Сондай-ақ Германияның Сириядан исламистерді қабылдап, Сауд Арабиясының бұрынғы мұсылмандарының өмірін бұзғысы келетіні туралы мәлімдеген.
МАГДЕБУРГТЕГІ ШАУЫЛ
20 желтоқсан кешінде BMW автокөлігі үлкен жылдамдықпен Магдебургтегі Рождестволық базардағы адамдарды қағып кеткен. Нәтижесінде бес адам, оның ішінде 9 жасар бала қайтыс болып, 200-ден астам адам жарақат алған.
Талеб А. 2006 жылы Германияға келген. Ол Магдебургтен 50 шақырым жерде орналасқан Бернбург қаласында тұрып, психиатр-дәрігер әрі психотерапевт болып жұмыс істеген.
MDR қоғамдық медиакомпаниясының 22 желтоқсандағы зерттеуінде Талеб А.-ның соңғы жылдары әлеуметтік желідегі жазбаларында Германия билігі мен полициясын Сауд Арабиясымен бірге "Еуропаны исламизациялауға" әрекет етті деп айыптағаны айтылған. Шабуыл күні ол төрт бейнеролик жариялап, онда қоғамды, полицияны және Германия билігін қатты сынаған.