Бүгін Астана қаласында өткен Қазақстан мұсылмандарының Х Құрылтайында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасы ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылтайға жиналған 300-ге жуық делегат кандидатураға бірауыздан дауыс беріп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфти лауазымына қайта сайлаған.
«Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300-ге жуық делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына қайта сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Мәселен, алдағы 2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес мүфтият болып құрылғанына 35 жыл толады. Мерейтой аясында жоспардағы көптеген игі істерді жұрт болып жұмылып, халық болып бірігіп атқаруға баршаңызды шақырамын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында.
Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти лауазымына екінші рет сайланып отыр. Ол алғаш бұл қызметке 2020 жылдың 7 ақпанында сайланған.
Наурызбай Тағанұлы Өтпенов 1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген. Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып жоғары діни білім алған. ҚМДБ жанындағы Ислам институтында оқып, Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген. «Тарих» және «Дінтану» мамандығы бойынша білімі бар.
Әр жылдары Қарағанды қалалық орталық мешітінің Бас имамы, Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының Бас сарапшысы. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы. «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметтерін атқарған.