Биыл отбасылық тұрмыста 260 ауыр, 170 аса ауыр қылмыс тіркелді – министр

Ғалиасқар Думан

26 мың отбасының сауалнамасы бойынша 1 мың қасақана зәбір көрсетуші анықталды. Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы барысында Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлім етті, деп жазады Ulysmedia.kz.

Көрнекі сурет

Министр ведомстводағы басым бағыттардың бірі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу екенін айтып, осы салада заңнамалық база құрылғанын еске салды.

Ол ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық жауапкершілік ретінде танылып, осының арқасында жәбірленушілерді қорғауды күшейтуге мүмкіндік туғанын жеткізді.

Сәденовтың сөзінше, 2024 жылы отбасылық тұрмыста 260 ауыр қылмыс тіркелген, 2023 жылы 305 қылмыс тіркелген. Ал аса ауыр қылмыстар саны 170. Былтыр бұл 134 болған. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы мамандандырылған бөлімшелер құрылған.

«Жаңа жұмыс форматына көштік. Отбасылық жанжалдарға шақыру кезінде жәбірленушілерге сауалнама жүргізіледі. 26 мың отбасының сауалнамасы бойынша 1 мың қасақана зәбір көрсетуші анықталды. Олармен психокоррекциялық жұмыс жүргізілуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған балалармен жұмыс істеуге ерекше назар аударылады. Денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ағарту министрліктерімен дағдарыс орталықтарының қызметтерін алу бойынша бірлескен бұйрық әзірленді», – дейді министр.

Ержан Саденов орталықтарда, мектептерде, емханаларда психологтардың деңгейін арттыру үшін – ІІМ Ақтөбе институты зорлық-зомбылықтың алғышарттарын ерте анықтау бойынша бағдарлама әзірлгінін жеткізді. Қараша айында Ақтөбе облысының мамандары үшін курстар өткізілген. Өзге аймақтарды әкімдіктердің өтінімдері бойынша өткізілмек.