Қарағанды облысында қайғылы жағдай тіркелді, еркін жайылымда жүрген 47 жылқы суға батып кетті, – деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Polisia.kz-уке сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙЫ
Қарқаралы ауданының полициясына бір ауылдың тұрғындары өздеріне тиесілі мал жоғалғаны туралы арызданған. Жоғалған жылқыларды іздеуге полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардан құралған еріктілер жұмылдырылды. Шамамен 10 іздестіру тобы құрылып, олар аумақты көліктермен және атпен аралаған.
Іздеу шаралары Қарқаралы ауданында ғана емес, облыстың көршілес аудандары мен Павлодар облысының Баянауыл ауданында да жүргізілған.
КӨЛГЕ БАТЫП КЕТКЕН
“Іздеу жұмыстарының нәтижесінде жоғалған жылқылар анықталды. Көлдердің бірінен 47 жылқының өлексесі табылды. Жануарлардың иелері өз малдарын таныды. Алдын ала болжам бойынша түнде далада жүрген табын мұз басқан көлге түсіп кеткен. Мұздың жұқалығы салдарынан жануарлар суға құлаған”делінген хабарламада.
Қарағанды облысының полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне малды бақылауда ұстаудың маңыздылығын ескертеді. Малдың қараусыз жайылуы ұрлық, жол-көлік және басқа да оқиғалардың құрбаны сияқты қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін айтады.