Бірыңғай уақытқа көшудің халық денсаулығына әсерін зерттеу басталды

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы биомедицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, метрология және медицина саласындағы ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен өткен «Бірыңғай уақыт белдеуі: ғылыми аспектілер» дөңгелек үстелінің жұмысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, зерттеу уақыт режимі өзгерістері қазақстандықтардың физикалық және психикалық денсаулығына, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерге әсерін зерттеуге бағытталған.

ҚАНДАЙ ДЕРЕКТЕР ЗЕРТТЕЛЕДІ

Қандай деректер зерттеледі:
“* Психикалық денсаулық. Күйзеліс, мазасыздық, депрессия және халықтың ұйқы сапасы халықаралық диагностикалық құралдарды қолдану арқылы бағаланады.
* Физиологиялық өзгерістер. Гормондардың деңгейі (кортизол және мелатонин), метаболикалық көрсеткіштер (глюкоза, холестерин) және тәуліктік ырғақтардың бұзылуымен байланысты аурулардың жиілігі мұқият зерттеледі.
* Әлеуметтік аспектілер. Еңбек өнімділігіне, оқушылардың үлгеріміне және медициналық көмекке жүгіну жиілігіне назар аударылады” делінген министрлік хабарламасында.

“Ғалымдар бірыңғай уақытқа көшу – бұл азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқаты басты басымдықтарға айналатын болашаққа жасалған қадам екенін атап көрсетеді. Жобаның нәтижелері ғылыми журналдарда жарияланып, халықаралық алаңдарда ұсынылатын болады” деп қоса кетті министрлік.

160 МЛН ТЕҢГЕ

Қазақстанда уақыт белдеуі әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалатыны хабарланған. Министр бұл өтінім үш жылдық бюджетке арналып отырғанын, бірақ іс жүзінде кемі жартысына, шамамен 90-100 миллион теңгеге дейін кемитінін айтқан.

САУАЛНАМА

DEMOSCOPE бюросы жүргізген сауалнамаға сай, қазақстандықтардың жартысынан көбі бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы

ЖАҢА УАҚЫТ БЕЛДЕУІ

Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Алайда бұл барлық тұрғынға бірдей қолайлы болмай шықты. Қазақстандықтар тіпті уақытты кері қайтару туралы петиция жариялап, оған қысқа уақытта 50 мың қол жиналған. Мәжілістің бір топ депутаты да жаңа уақыт белдеуіне қарсы пікір білдірген.

Бірақ үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің дұрыстығын қайталаудан танбай келеді. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, қолданыстағы UTC + 5 сағаттық белдеуі Қазақстан аумағының көп бөлігіндегі табиғи күн циклдеріне сәйкес келеді.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин уақыт белдеуінің өзгеруі қазақстандықтардың денсаулығына әсер етеді әрі электр энергиясын шамадан тыс тұтынуға алып келеді деген уәж расталмады деген.