Әзербайжан президентінің әкімшілігі Ақтаудың маңында болған әуе апатын тергеуге қатысты Шешенстан билігінің көмегінен бас тартты. Олар кінәні мойындауды және кешірім сұрауды талап етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НЕ ЖАҒДАЙ
Шешенстан билігі Рамзан Қадыровтың тапсырмасымен Баку-Грозный бағытындағы AZAL ұшағының апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қаржылай және басқа да көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.
ӘЗЕРБАЙЖАННЫҢ ЖАУАБЫ
Алайда Day.az әзербайжандық басылымының мәліметінше, Әзербайжан президенті әкімшілігінің өкілдері ел мұндай көмекке мұқтаж емес екенін және оны қабылдамайтынын айтқан.
– Әзербайжан ешқандай көмекке мұқтаж емес. Бұл көмекті мемлекет те, азаматтар да қабылдамайды. Біз өз азаматтарымызға қажетті көмекті көрсетіп жатырмыз және көрсете береміз. Әзербайжан шындықты мойындауды, кешірім сұрауды және тиісті өтемақы төлеуді талап етеді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Әзербайжанның Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттігі Embraer ұшағының апатын тергеудің алдын ала нәтижелерін және ұшу қауіпсіздігіне байланысты мүмкін болатын қауіптерді ескере отырып, Ресейдің бірқатар қалаларына ұшатын рейстерді тоқтатты.
Report басылымының хабарлауынша, 2024 жылдың 28 желтоқсанынан бастап және тергеу аяқталғанға дейін AZAL Минералды Сулар, Сочи, Волгоград, Уфа және Самара қалаларына рейстерді тоқтатады.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.