Қаңтар оқиғасы: бұрынғы тергеуші мәйітханада 286 мәйіт болғанын айтты

Ғалиасқар Думан

2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты сот отырысында Алматы қалалық ІІД Тергеу басқармасының бұрынғы аға тергеушісі Бақытжан Медетбеков қалалық мәйітханада 286-ға жуық мәйіт болғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

Бұл мәлімет оның сот отырысына куәгер ретінде келген кезінде белгілі болды. 

Медетбеков оқиға кезінде мәйітханадағы мәйіттерді тексеруге басты жауапты қызметкер болып бекітілгенін айтты.

«Олардың саны, егер есімде болса, шамамен 286. Сот-медициналық сараптаманы тағайындау туралы барлық шешімдерді мен қабылдадым, өйткені тергеушілердің жартысы сараптамаға мәйітханаға жіберілген», деді ол.

Сондай-ақ ол сот-медициналық сараптамалар өзінің атынан рәсімделгенін атап өтті.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан еді. Алайда, куәгер бұл 238 адамның өзі жариялаған «шамамен 286» мәйіттің ішіне кіре ме, жоқ әлде бұл қаза тапқан адамдар денесінің басқа тобы ма, ол жағын ашып айтпады. Ал сот та бұл мәселе бойынша қазбалап, қосымша сұрақ қоймады.