Германияда супермаркет ішіне тараған газдан 40-тан астам адам уланды

Сырым Қаржас

Саксония федералды штатында орналасқан Вальдхайм қаласындағы супермаркетте белгісіз газдың шашылуы салдарынан 40-тан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz неміс БАҚ-тарына сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

Bild газетінің хабарлауынша, 15 адам ауруханаға жеткізілген.

«Сенбі күні кешке Вальдхаймдағы Хауптштрасседегі Кауфланд дүкенінің азық-түлік бөлімінде белгісіз газды зат ауаға тарады», - деп хабарлады газет полиция өкілінің сөзіне сілтеме жасап.

Дүкендегі тұтынушылар жүрек айну мен тыныс алу жолдарының тарылғанын айтып, шағымданды. Дүкен қазір жабық.

Полиция орташа ауырлықтағы жарақат алды деген күдікпен тергеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ оқиғаның мән-жайы мен шашылған заттың түрін де анықтауға кіріскен.

Еске сала кетсек, жуырда Германияның Магдебург қаласындағы Рождестволық жәрмеңкеде жиналған жұртты ер адам көлікпен қағып кеткен еді. Салдарынан 5 адам қаза тауып, жарақат алғандар 86 адамға жетті.