Маңғыстаулықтар ұшақ апатынан зардап шеккен соңғы науқастарды еліне шығарып салды

Сырым Қаржас

Бүгін, 30 желтоқсан күні Маңғыстау облысының басшылары, дәрігерлер мен құтқарушылар ұшақ апатынан зардап шегіп, жансақтау бөлімінде 6 күн емделген үш әзербайжандық  азаматты арнайы бортпен еліне шығарып салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

25 желтоқсаннан бері облыстық көпбейінді емхананың жансақтау бөлімінде жатқан Лейла Омарова, Муслимат Сираджова мен Хафизат Халаеваны бүгін Әзербайжаннан арнайы келген ұшақпен алып кетті.

“Үшеуінің де жағдайының динамикасы нашарлаған жоқ, 1 науқас механикалық вентиляциядан, вазопрессордан және дәрілік седациядан шығарылды. Ал екеуінде вазопрессорлардың дозасы минималды дозаларға дейін төмендетілген. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін барын салды”, делінген Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпаратында. 

Бүгінде Маңғыстау облыстық көпбейінді емханасында ұшақ апатынан зардап шеккен науқастар жоқ. 

Маңғыстаулық дәрігерлер әуе апатынан жарақат алған 29 азаматтың түгел аман-есен еліне жеткеніне дән риза.

Еске сала кетсек, ұшақ апатын тексеру үшін Қазақстан, Әзербайжан, Бразилия өкілдерінен құралған арнайы комиссия құрылған. 

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Әзербайжан әуе жолдарының ұшағы құлаған жерден “қара жәшік” табылды. Ал “қара жәшіктің” екіншісі 26 желтосан күні табылған еді.  

26 желтоқсанда өткен брифингте Азаматтық авиация комитетінің басшысы Талғат Ластаев «Қара жәшіктерді» зерттеу сарапшылар Ақтауға келгеннен соң басталатынын мәлімдеген.

EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН

Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде.

АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ

25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап38 адам қаза тапты.

Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.

29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.

Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.