Жаңа жылдан бастап айыппұлдар қаншалықты өседі

Сырым Қаржас

2025 жылдан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 3692 теңгеден 3932 теңгеге ұлғаяды. Бір жағынан халықтың осал топтарындағы азаматтарға әлеуметтік жәрдемақы мөлшері өседі дегенімізбен, екінші жағынан айыппұлдарға да 6,5 пайыз қосылады. Ulysmedia.kz осы ретте көлік тізгініндегі азаматтар көбірек төлейтін айыппұлдардың мөлшері қалай өсетінін шолып шықты.

Ulysmedia коллажы

АЙЫППҰЛДАР ҚАНШАҒА ӨСЕДІ

Жылдамдықты 10-20 км/сағаттан арттырған кезде айыппұл 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге дейін өседі. Жылдамдықты 20-40 км/сағаттан асырған жағдайда айыппұл 36 920 теңгеден 39 320 теңгеге дейін болады.

Егер жылдамдық 40 км/сағ және одан асса, айыппұл 73 840 теңгеден 78 640 теңгеге дейін артады.

Жол белгілері мен таңбаларды елемей, жол ережесін бұзған жағдайда айыппұл 36 920 теңгеден 39 320 теңгеге дейін өседі.

Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл 18 460 теңгеден 19 660 теңгеге дейін көтеріледі.

Белдікті тақпай тағы ұсталған қайтадан бұзса, айыппұл 36 920 теңгеден 39 320 теңгеге дейін болады.

Егер азаматтар жолдың рұқсат етілмеген бөлігінен өтіп кетсе, оларға салынатын айыппұл биылғы 7384 теңгеден 7864 теңгеге өседі.

КАМЕРАЛАР ДА “АЯМАЙДЫ”

Биыл 4 желтоқсаннан бастап камералар орташа жылдамдықты тіркей бастаған еді. Яғни, жолдардың әр түрлі учаскелерінде «орташа жылдамдық» әр түрлі болады, себебі формулаға сәйкес әр автокөлік автоматты түрде есептеледі. Бір қаладан екінші қалаға жылдамдықты асырып, ерте жетіп қойғандарға айыппұл салынады.

Тағы да оқыңыздар: Зейнетақы, жәрдемақы, декреттік төлемге 2025 жылдан бастап қанша қосылады