Боранда соқтығысқан 95 көліктің жартысы апат болған аймақтан шығарылды

Ulysmedia

Астана - Шучинск тасжолында апатқа ұшыраған көліктердің шамамен жартысы апат болған аймақтан шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚазАвтоЖол

Бұған дейін  "ҚазАвтоЖол" Астана маңындағы тасжолда соқтығысқан автокөліктер саны 95-ке жеткенін хабарлаған болатын.

Соңғы деректер бойынша, олардың 10-ы шығарылып, 30-ы апат орнынан өздерінің қозғалысымен кетті. Бұл жұмыстарды жүргізуге 22 бірлік арнайы техника және 25 адам жұмылдырылды.

ҚОЗҒАЛЫСҚА 07:20-ДА ШЕКТЕУ ЕНГІЗІЛГЕН

3 қаңтарда сағат 07:20-да ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар “Астана-Петропавл” автожолының (18-232 км) учаскесінде барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Ауа райы жақсарғаннан кейін және жол тазартылған соң, сағат 12:30-да Щучинск қаласы бағытына қозғалыс полиция департаменті қызметкерлері мен “ҚазАвтоЖол” арнайы техникамен ұйымдастырылды.

Алайда, алдын ала мәліметтер бойынша, жүргізушілердің жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауынан сағат 13:28-де жолдың 153-шақырымында, Жанаталап ауылы маңында шамамен 95 көлік жаппай жол апатына түскен.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен “ҚазАвтоЖол” мамандары жұмыс істеп жатыр. Бір жолақ тазартылып, жарамды көліктер қозғалысын бастады. Оқиға орнында 22 біріккен жол машинасы және 2 трактор жұмылдырылған. Қазіргі уақытта көрсетілген жол учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына қайта шектеу қойылды. Жол қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

АСТАНА - ЩУЧИНСК ТАСЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Бұған дейін әлеуметтік желіде оқиға орнынан видео тарады. Видеода ондаған көлік соқтығысып, бір-біріне “жабысып” қалғанын байқауға болады. Оқиға Астана - Щучинск тасжолында болған. Бастапқыда 40 көлік жол апатына түскені туралы ақпарат тарады. Мұны өңірдің Полиция департаменті растады. 

Сағат 13:30-да Ақмола облысында Біржансал ауданының Қоғам ауылы мен Қаратал ауылы арасында ауа райының нашарлауына байланысты (боран, көру мүмкіндігінің шектелуі) бұрын 40-қа жуық көлік соқтығысқан. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы әзірге ақпарат жоқ. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр, - деп хабарлады Полиция департаментінің өкілдері. 

ҚАРАҒАНДЫДА 800 КӨЛІК ЖОЛДА ҚАЛДЫ

Қарағанды тасжолындағы жағдай да күрделі. Өңірде ауа райының нашарлауына байланысты шамамен 800 автокөлік жолда қалды. Бүгін Қарағанды облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты екі негізгі бағыт: Қарағанды – Астана және Қарағанды – Павлодар жолдары жабылды.