Бапидың ұшақта денсаулығы нашарлағаны рас па – депутаттың өзі жауап берді

Аян Өрібай

Депутат Ермұрат Бапи тағы да ем алу үшін шетелге кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

ЖЕЛІДЕГІ ТАРАҒАН АҚПАРАТ

Бұған дейін желіде бір жолаушының Алматыдан Пхукетке ұшып бара жатқан жолда жағдайы нашарлап кеткенін, борттағылар Алматыға қайтуды бір ойлап барып, қайтадан жолын жалғастырғанын, жолаушының жағдайы жақсарғаны жөнінде ақпарат тараған еді. Жазбада келеке еткен сипатпен “ол жолаушы Ермұрат Бапи екен, сайлаушыларымен кездесуге бара жатқан шығар” делінген.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Ulysmedia.kz порталы депутатпен байланысқа шықты. Бапи бортта қысымы түсіп кеткенін растады. Бір жақсысы, борттан бір дәрігер табылып, қысымды өлшеп, стюардессалар кофе берген. Алайда ұшақтың шұғыл түрде қонатыны жөнінде, штаттан тыс жағдайға себеп болар оқиға болмаған. 

– Мен Таиландқа жоспарланған иглотерапияға бара жатқанмын. Уайымдамаңыздар. Бәрі жақсы, – дейді ол.

Былтыр наурызда Ермұрат Бапи ісініп, он бес күн ауруханаға жатып шыққанын хабарлаған еді. Ол жерде түгелдей анализ алып, қан, бауыр, бүйрек, гистология, биопсия, паразит, микробтарға дейін тексеріп, ештеңе таппаған. Кейін депутат Еуропаға барып, бір рет емделіп келген.

БАПИДІҢ САУАЛЫ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды өтінген депутат Ермұрат Бапидің сауалына жауап бергенін бұған дейін жазған едік. Бапи әлеуметтік желілер арқылы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағанын мәлім еткен еді. Мұны ол бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек деп есептейді. Ол әсіресе қазақ қоғамына іріткі салуға астыртын бағытталған осындай «ескіні аңсау» үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастағанын атап өткен. Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан мұндай манипуляция арқылы «жаңа Қазақстанды» саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару, «қайтып келу» әрекетінің әлпетін сезіну қиын болмаса керек дейді ол. Осыған байланысты депутат ел-жұртқа жік салу пиғылы бар осындай «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды, олар жөнінде қоғамға толыққанды ақпарат беруді ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығынан сұраған.

ҰҚК басшысы интернет желі аясындағы саяси сипаттағы арандатушылық мәліметті таратушылардың басым көпшілігі анонимді болып шығатынын айтады.