Ресейде болған жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты

Сымбат Сатыбалдина

Ресейдің Самара қаласында болған жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Фото: ТЖМ

БҰҒАН ДЕЙІН

5 қаңтарға қараған түні Қазақстан ТЖМ Командалық орталығына Ресей ТЖМ-нен "Самара-Большая Черниговка" федералды автожолының 101 шақырымында болған жол апаты туралы ақпарат түскен. Бұған дейін апат салдарынан Қазақстанның жеті азаматы зардап шеккенін хабарлаған едік.

МӘН-ЖАЙ

Зардап шеккендерді Ресейге тасымалдау үшін Батыс Қазақстан ТЖ департаментінің құтқарушылары мен психологтарын, сондай-ақ жергілікті денсаулық сақтау басқармасының жедел жәрдем қызметкерлерін қамтитын жиынтық колонна жіберілді. Оқиға орнына келгеннен кейін зардап шеккендердің Большая Глушица ауылының, Новокуйбышевск және Самара қалаларының медициналық мекемелеріне жатқызылғаны анықталды. Бұл мекемелерде Қазақстан ТЖМ психологтары зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсетті.

Қайтар жолда зардап шеккендердің барлығы қазақстандық мамандардың тұрақты бақылауында болды. Бүгін таңертең зардап шеккендермен бірге жиынтық колонна Қазақстанға аман-есен келді, онда пациенттер Орал қаласындағы қалалық және облыстық көпсалалы ауруханаларға тапсырылды. Барлығы жеті науқас, оның ішінде екі бала жеткізілді.

 Өкінішке қарай, апат салдарынан екі адам қаза тапты, олардың мәйіттері де Қазақстанға жеткізілді, дейді ТЖМ өкілдері. 

Бұл операцияға Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 23 адам мен 8 бірлік техника жұмылдырылды. Автоколоннаны Орал қаласынан шекара өткеліне дейін және қарсы бағытта алып жүру үшін облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, азаматтарға жолда сақтық пен мұқият болу маңыздылығын еске салды.