Президент Тоқаев жазушы Мұхтар Мағауиннің жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КӨҢІЛ АЙТУ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
– Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Төл руханиятымыздың төрге озуына, ұлт тарихнамасының тасқа басылуына өзінің алға қойған асыл мұратымен, қайтпас қажыр-қайратымен қалтқысыз еңбек сіңірді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен өз орнын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген жеделхатта.
Бүгін жазушы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында өмірден өтті.
Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.
Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55), – деп жазды Едіге Мағауин.