Мәсімовтің қаржыгері Нұриева мен басқа да олигархтардың Ұлыбитаниядағы активтеріне қауіп төнді

Сырым Қаржас

Мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің жеке қаржыгері және Қазақстан элитасының басқа да өкілдерінің активтерін британ құқық қорғау органдары тексеруі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

АКТИВТЕР ЖАЙЛЫ

Ұлыбританияның жаңа сыртқы істер министрі, лейборист Дэвид Лэмми өткен жылдың соңында "лас ақшаға” қарсы ұлттық науқанның басталғанын жариялады. Осы бастама шеңберінде қаржы ашықтығы тұрғысынан тәуекелі бар деп белгіленген елдердің өкілдеріне байланысты активтер тексеруге түседі. Бұл қатарда Қазақстан да бар.

Бұл жұмысты "Ходж тізімін” жариялап аты шыққан лейборист Маргарет Ходж үйлестіреді. Ол тізімде Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында болған қазақстандық миллиардерлер, сондай-ақ оның отбасы мүшелері бар. Олардың ішінде ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның қаржыгері Айгүл Нұриева туралы да  айтылады. Нұриеваның шведтік Telia компаниясымен мәмілелер арқылы ақшаның жылыстауына байланысты аты аталады.

Лондонда бұрынғы күйеуінің тегімен (Ихсан) белгілі Нұриева беделді Редженс парк ауданында жалпы құны £12 миллионнан асатын элиталық мүлікке ие. Сонымен қатар, Ходж тізіміне Назарбаевтың туыстары, оның ішінде Тимур мен Динара Құлыбаевтар, Дариға Назарбаева және оның ұлы Нұрәли, сондай-ақ ірі қазақстандық кәсіпкерлер Владимир Ким, Александр Машкевич және басқалар бар.

Лас ақшаға қарсы күрес былтыр Ұлыбританиядағы сайлауда жеңіске жеткен Лейбористер партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бөлігі саналады. 2025 жылы қазақстандық элиталардың активтері британ қауіпсіздік күштері мен журналистерінің назарында болуы мүмкін.

МӘСІМОВКЕ ҮКІМ

2023 жылдың сәуірінде сот ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына үкім шығарды. Ол мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті басып алуға тырысып, лауазымдық өкілеттіктерін асырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны 18 жылға соттады. ҰҚК бұрынғы басшысының орынбасарлары Садықұлов, Ерғожин, Осипов 16, 15 және 3 жылға сотталды. Төртеуі де арнайы атақтар мен мемлекеттік наградалардан айырылды.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке кешірім бермеген болатын.