Қалың қазаққа танымал абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасына қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген.
Ғалым Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) филология факультетін (1953 жылы), оның аспирантурасын (1964) бітірген.
Еңбек жолы:
Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, иасауитанудың, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері, Абай мұрасының шығыспен байланысы терең зерттеле бастады. Абай мұрасындағы мораль философиясының негіздері оның исламға, адамгершілік мұраттарына қатысты зерттеліп ашылды.
Қараханидтер заманынан бастау алған кемел адам мәселесі Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” дастанында қамтылып, Иасауидің “хал ілімі” (камили инсани) арқылы негізделіп, Абайдың “толық адам ілімі” арқылы дәстүрлі жалғастық тауып даму жолдары жәуанмәртлік, яғни иманигүл(үш сүю) жайындағы Абай танымдары негізінде талданып‚ бір жүйеге түсірілді. Мырзахметұлы патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты негіздерін әшкерелеп (“Қазақ қалай орыстандырылды”), қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал етті. Абайтану мен мұхтартанудың ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеді.
Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ондағы айтылмай келген шығыстық мәселелер мен танылмай келген ойларды, шығыстық термин сөздерді бүгінгі күн талабы тұрғысынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірді. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, отыздан астам кандидат диссертация қорғатты. Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып (1965, 1988, 1995) алғы сөздерін жазды. “Абай” энциклопедиясы мен М.Әуезовтің 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысты.