«Кеше ғана айтысып жүр едік» – Исабеков Мағауиннен кешірім сұрады

Сырым Қаржас

Жазушы-драматург Дулат Исабеков Мұхтар Мағауиннің қазасына қатысты пікір білдіріп, кезінде баспасөз бетінде өзімен айтысқан ұлы жазушының ұлт алдындағы жақсылығын айтып, әруағынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Бұл туралы жазушы Д.Исабеков “Хабар” телеарнасының “7 күн” сараптамалық бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

“Мұхтар Мағауиннің қазасын естігенде отырып қалдым. Ойпырым-ай, кеше ғана сау адам сияқты еді, екеуіміз айтысып жүр едік қой. Бұл қалай болғаны? Тіршілігіңде өлмейтіндей жүреді екенсің”, деді жазушы-драматург.

Исабеков Мағауинді ұзақ жасайды, өзінен кейін өмірден өтетін шығар деп ойлаған екен.

“Қайтыс болады деген ойымда жоқ еді. Кейде Мұхаңды “Әй, менен кейін қайтыс болатын шығар” деп ойлайтынмын”, деп сөзін жалғады жазушы.

Сөз соңында Исабеков кезінде Мағауинмен өзімен баспасөз бетінде біраз айтысқанын еске түсіріп, кешірім сұрады. Және де қазақ халқына үлкен әдеби, рухани олжа қалдырып кеткенін атап өтті.

“Ал, айналайын, Мұха! Артық айтып қойған болсам, әруағың кешірсін. Артық айтқан ешнәрсем жоқ сияқты деп ойлаймын. Егер де солардың бірін артық деп санасаң, кешірім сұраймын! Қазақ халқы үшін үлкен олжа қалдырып кеттің. Өзің кеттің, артыңда Мұхтар деген атың, шығармаларың мәңгілік қалды”, деді Дулат Исабеков.

Еске сала кетсек, кезінде Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабеков өздерінің шығармашылық ұстанымдарына байланысты отандық басылым беттерінде ұзақ уақыт жазбаша айтысқан еді. Қазақ әдебиетіндегі мүйізі қарағайдан екі алыптың “айқасы” шығармашыл ортада қызу талқыланды. Тіпті жазушылардың қатты кеткен тұстары да болды. 

Ал 10 қаңтар күні Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасына қараған шағында өмірден өтті. АҚШ-тан жеткен қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қайғылы қазаға байланысты президент Тоқаев жазушының жақындарына көңіл айтты. 

Қазақ жұртшылығы Халық жазушысы Мұхтар Мағауинді жоқтап, қимастық білдірді.

Кеше, 11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатында Халық жазушысы Мұхтар Мағауин жер қойнына тапсырылды. 

Мағауиннің туыстары Ulysmedia журналистеріне жазушының Мэриленд штатындағы Парк Лаун мемориалдық зиратында жерленетінін бұрын айтқан. Бұл туралы ІТ саласындағы маман Тимур Бектұр да жазды.

МҰХТАР МАҒАУИН ЖАЙЛЫ

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болды. 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыста, ал 1988-2006 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Көркем прозаға көбірек ден қойды. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019) атанды.

17 ЖЫЛ ШЕТЕЛДЕ ТҰРДЫ

Мұхтар Мағауин 2007 жылы Чехияға көшті. Астанасы Прагада алты жылдай тұрды. Кейін АҚШ-қа қоныс аударды. Түркияда да уақытша тұрды. 2008 жылы “Шыңғыс хан” романын жазуға кірісті. Жазушы Шыңғыс хан түрік тайпасының қият руынан шыққан деп есептейтін.

Жазушының билікті өткір сынаған кездері бар. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде “Қан төгілді” деген атаумен мақала жазып, “менің балаларым мен немерелерім – кеудесінде намысы бар ұлдарым мен қыздарым қызыл қанға боялып жатыр” деп, Назарбаев жүйесіне наразылығын жеткізді. Бертін “Халық үні” басылымына берген сұхбатында «Елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды» деп бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты өткір сынға алды.

Мұхтар Мағауин жары Бақытжамалмен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жиырма шақты немере, бес-алты шөбере сүйді.